Павлодар музейінде ерекше жәдігер: төртбұрышты қыш құмыраның тарихы
Ол Екібастұздан табылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорында көне дәуірлерден сыр шертетін жәдігерлер аз емес. Солардың бірі – б.з.д. III–IV ғасырға жататын ерекше қыш құмыра. Бұл жәдігер 22 жыл бұрын табылған.
– Құмыра Екібастұз ауылдық аймағына қарасты Шідерті кентінен шамамен үш шақырымдық жерде қазба жұмыстары барысында қорым орны анықталған. Археологтар диаметрі алты метрлік тас үйіндіні аршып, көне молаға тап болды. Бұл нысан қорған түрінде тұрғызылып, құрылымдық жағынан күрделі ескерткіш болып шықты, – деді музейдің табиғат, палеонтология және археологияны ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Георгий Пересветов.
Қорымның соңғы қабаты мамандардың ерекше назарын аудартты. Себебі, осы тектес мола бұрын-соңды кездеспеген. Ол ені 50, ұзындығы 110 сантимертрге тең үлкен белгі іспетті тақтадан тұрады. Тақталардың астынан шамамен 1 метр 80 сантиметр тереңдікте жасөспірімнің сүйегі табылған. Адамның қаңқасы оңтүстікке бағытталып жерленгенімен, негізгі плиталардың астынан сәл батысқа ығысқан ойыққа қойылған.
– Марқұмның жанында малдың жамбас сүйегі мен саздан жасалған құмыра жатты. Құмыраның сыртқы қабатында күйенің ізі сақталған. Бұл ыдыстың тұрмыстық мақсатта пайдаланылғанын айғақтайды. Сонымен қатар, қыш ыдыс дәстүрлі емес, төртбұрышты пішінде жасалған. Бұл сол дәуірдегі шеберлердің саздан бұйым жасау әдістерін кәсіби меңгергенін көрсетеді, – деп ойыммен бөлісті Георгий Пересветов.
Маманның пікірінше, қорым мен одан табылған заттар сақ-үйсін дәуіріндегі жерлеу мәдениетінің элементтерін танытады. Жасөспірімнің жәшікке салынып жерленуі мен бас жағына қойылған тұрмыстық заттар – сол заманның рухани дәстүрін айғақтайтын құнды дәлел. Ал қыштан жасалған олжа Павлодар өңірінде көне дәуірде өмір сүрген халықтардың мәдениеті мен дүниетанымын тануға мүмкіндік береді.
Бүгінде сирек артефакт музейдің тұрақты экспозициясында сақтаулы.