Павлодарда белсенді жастарға арналған аймақтық волонтерлер форумы өтеді
Іс-шара Халықаралық волонтерлер жылы шеңберінде ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының мәліметінше, нәтижелі тәжірибе алмасу алаңына айналатын форум бағдарламасында қатысушыларға арналған шеберлік сыныптары, пікірталас алаңдары, тақырыптық брейнштормдар (ой талқылары) және мәдени-жастар бағдарламасы қарастырылған.
– Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдегі еріктілер қозғалысын дамыту, жаңа әлеуметтік бастамаларға қолдау көрсету және белсенді жастар арасында өзара байланыс орнату, – деді ұйымдастырушылар.
Форумға волонтерлік ұйымдардың өкілдері, қоғамдық белсенділер мен игі бастамаларға қызығушылық танытатын барлық ниет білдірушілер қатыса алады.
Волонтерлік ұйымдар мен белсенді жастардың басын қосатын «VLNT-FORUM» форумы 26 мамыр күні сағат 15:00-де жоспарланған. Өтетін орны: Ломов көшесі, 38.
Шара туралы толық ақпаратты +7 778 679 2217 байланыс телефоны арқылы білуге болады.