Павлодарда мерген полицей қыз-келіншектер анықталды

Павлодарда мерген полицей қыз-келіншектер анықталды
Фото: Павлодар облыстық ПД

Жарысқа 50-ден астам әйел полиция қызметкері қатысты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Динамо» спорт кешенінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай полиция қызметкері қыздар арасында жауынгерлік қарудан оқ ату, қоян-қолтық күрес және үстел теннисінен жарыстар өтті. 

Нәзік жандылар батылдықпен, табандылықпен және шеберлікпен ер әріптестерінен еш кем түспейді, мұны өткен жарыстар растады. Барлық қатысушылар күнделікті жұмыста адам өмірін сақтап қалатын немесе қылмыскерді тоқтата алатын дәлдік пен ептілікті көрсете білді,  –  дейді облыстық полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасы бастығының орынбасары Владимир Ходацкий.

Теннистен жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Әсел Толубаева, екінші орынды Мәдина Есімханова, үшінші орынды Дарима Ермек иеленіп, ракетканы үздік меңгергенін көрсетті. 

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қоян-қолтық жекпе-жектен жарыста Эльназ Әлімбетова үздік шығып, Сабина Әбішева 2-орынға ие болды.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде  Мөлдір Мақажанова 1-орынды, Рада Прохорова 2-орынды жеңіп алып, үздік үштікті Айдана Жанғұлова түйіндеді.

80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Мәдина Жұмабаева алтын, Гүлназ Сейсенбаева күміс, Салтанат Баубекова қола жүлдегер атанды. 

80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 1-орынды Айнұр Нысамбаева, 2-орынды Оксана Костюкевич және 3-орынды Карина Ерланқызы иеленді.

Жарыс қорытындысы бойынша жеке есепте жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша полиция департаменті аппаратының командасы үздік атанды, күміс жүлдені ІІМ Оқу орталығының командасы иеленді. Үшінші орынға Ақсу қаласының полиция бөлімі командасы ие болды.

Іс-шара соңында салтанатты түрде барлық қатысушылар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар, медальдар, грамоталар мен гүлдер табыс етілді.

Айта кетейік, полиция департаментінде барлығы 700-ге жуық әйел полиция қызметкері қызмет етеді.