Павлодарлықтар арасында Президенттік жастар кадрлық резервіне ерлер көбірек келуде

Олар өмірдегі өзгерістерге неғұрлым бейімделген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дарынды, бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған болатын. 2019, 2021 және 2023 жылдары резервке алынған 400 адамның ішінен Павлодар облысынан 16 мемлекеттік қызметші кірді. Оның 10-ы облыстың жергілікті атқарушы органдарында басшылық қызметке тағайындалды. Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Искендіров мәлім етті.
– Мысалға, біздің Асхат Оралов облыс әкімінің орынбасары қызметінен министр лауазымына дейін жетті. Илья Теренченко да Президенттік кадр резервіне кірген болатын. Қазіргі таңда резервке кірген 16 адамнан үшеуі ғана өңірдегі атқарушы органдарында қызмет атқаруда, қалғандары мемлекет қызметтерінде, мемлекеттік емес ұйымдарында да жұмыс істеп жатыр, – деп атап өтті спикер.
Биыл кезекті төртінші іріктеуді өткізуді жоспарлануда. Осы іріктеудің ерекшелігі - әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады.
Кандидаттардың жасы 35-тен аспауы керек. Сонымен қатар, резервте болғысы келетін адамның жоғары білімі, қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес және еңбек өтілі бес жылдан кем емес болуы қажет.
Іріктеу алты кезеңнен тұрады: құжаттарды қабылдау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңі, ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі, ассессмент-орталық және құзыреттер бойынша сұхбат, сарапшылық комиссиясында әңгімелесу және шешім қабылдау.
Асхат Искендіровтың айтуынша, павлодарлықтардың арасында Президенттік резервіне кіргісі келетіндер арасында ер адамдар көбірек.
– Бірақ іріктеуде ешқашан жыныс мәселесі болған емес. Консультациялар мен іріктеуге ерлер де, әйелдер де көп келуде. Ал өткен жылдарға қарасақ, ер адамдар белсендірек болды, өйткені көбінесе өтініштер еркектерден келген, – дейді басқарма басшысы.
Асхат Искендіров мұны жергілікті менталитетпен байланыстырады, өйткені ер адамдар жаңа қызметке, қоныс аударуға және өмірдегі өзгерістерге бейімделгіш болып саналады.
Айта кетейік, іріктеу 1 маусымда басталады.