Асайын Байханов: Тұрғындар «Таза Қазақстан» науқанына белсенді қатысады деп сенемін
Барлық елді мекендер қыстан кейін қалпына келтіру жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды @Pavloldarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста аймақ басшысы Асайын Байханов тазалық айлығында бар күшті жұмылдыру керектігін атап өтті.
– Бұл тек қана қоқыс тазалау ғана айлығы болмау керек. Көгалдандыру және абатттандыруға толықтай кірісу қажет. Қыстан кейін қоқыс та көп, қала мен аудандарда қираған, бұзылған жерлер де көп. Соның барлығын ретке келтіріп, елді мекендердің сәнін де, мәнін де ретке келтіру керек, – деп атап өтті Асайын Байханов.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқан аясында өңірде арнайы жоспар әзірленген болатын. Оған сәйкес тазалық айлығындағы әр апта белгілі бір тақырыпта өтеді. Павлодар облысының энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың сөзінше, бүгінде қалалар мен аудандардың коммуналдық қызметтері жалпы аумақты абаттандыру және тазарту жұмыстарына кірісті.
– Бүгінгі таңда 202 автобус және трамвай павильондарын, 2 535 жол белгісі мен бағдаршамдарды жуу, жөндеу және сырлау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, облыс қалаларында 14 мың шаршы метр алаңда көшелердегі шұңқырларды жөндеу жүзеге асырылды. Жұмыстарды мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда, – деді Ержан Иманзайыпов.
Тазалық айлығын өткізу кезеңінде полигондар аумағында қоқысты тегін қабылдау ұйымдастырылады. Көшелерді абаттандыру мен қалпына келтіру жұмыстарына Павлодарда –100, Екібастұзда – 150, ал Ақсуда 53 техника жұмылдырылады. Облыс әкімі қала мен аудан әкімдеріне тұрғындардан неғұрлым көп шағым түсетін аймақтарды жаяу аралап өтуді тапсырды. Сондай-ақ, барша депутаттық корпус пен қоғам белсенділерін сенбілікке қосылуға шақырды.
– Облыс тұрғындары «Таза Қазақстан» акцясына белсенді қатысады деп сенемін. Бұл – талай жылдан қалыптасқан дәстүр. Менің ойымша, ешкім шетте қалмайды, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі тазалық айлығында белсенді қатысқан, абаттандыруға үлкен септігін қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, әкімдіктер тарапынан бағаланатынын атап өтті.