Павлодар депутаттары «Қайырымдылық үшін» төс белгісімен марапатталды

Павлодар депутаттары «Қайырымдылық үшін» төс белгісімен марапатталды
Фото: pexels.com / cottonbro studio

Олар көпбалалы және мұқтаж отбасыларға тұрақты көмек көрсетіп, өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосқаны үшін жоғары наградаға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлағандай, Астанада «SMART қайырымдылық: Қазақстандағы қайырымдылық мәдениетін дамыту» республикалық форумы өтті. Іс-шараға 180-нен астам қатысушы – қайырымдылық қорларының, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері және сарапшылар жиналды.

Форум аясында еліміздің әр өңірінен келген белсенді меценаттарға «Қайырымдылық үшін» төс белгісі салтанатты түрде табысталды.

Марапатталғандардың қатарында «AMANAT» партиясынан сайланған Павлодар облыстық мәслихатының депутаттары – «АЗА» ЖШС басшысы Гнел Акопян және «Ай-Су Мелиорация» ЖШС мен «Гордорстрой» ӨКФ ЖШС құрылтайшысы Виталий Соломкин бар.

– Бұл марапат – тек жеке тану ғана емес, сонымен бірге көптеген жылдар бойы әлеуметтік бастамаларды қолдап, отбасыларға, мектептер мен қоғамдық ұйымдарға көмек көрсетіп келе жатқан «Аза» ЖШС командасының еңбегіне берілген жоғары баға. Бұл белгі – сенімнің, жауапкершіліктің және артық дабырасыз жақсылық жасауға деген ұмтылыстың символы, – деді Гнел Акопян.

Оның пікірін әріптесі Виталий Соломкин де қолдады.

– Қайырымдылық – бұл бір реттік акция емес, жанның тұрақты жұмысы. Жақсылықтың нормаға, ал өзара көмектің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналуы маңызды. Біз бұдан әрі де мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді және өңірге пайда әкелетін жобаларды дамытуды жалғастырамыз, – деп атап өтті ол.

Форумда сондай-ақ цифрландыру, аймақтық бастамаларды дамыту және қоғам, бизнес пен мемлекет арасындағы сенімді нығайту мәселелері талқыланды. Іс-шара тәжірибе, идея және шабыт алмасу алаңына айналды.