Павлодарда «Нурикамал» қойылымы халық көңілін тебірентті

«NAZAR TEATRY» гастрольдік сапармен келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында «Нурикамал» және «Қырсық пен көжек» қойылымы көрермендердің назарына ұсынылды.
– Театрымыздың іргетасын былтыр қаладық. Қойылымды арнайы әннің сөзін жазған Ханбибі Есенқарақызының өзінен сұрап сахналадық, – дейді театрдың жетекшісі Сәбит Әбдіxалықов.
Қойылымның режиссері – Сафуан Рысбайұлы, продюсері – Сәбит Әбдіxалықов, Ханбибі Есенқарақызының рөлін Мөлдір Зікірбай, композитор Тұрдықылыш Ізтаевтың рөлін Нұржан Әбілсан, Нурикамал рөлін Дариға Зарқын сомдады.
– Нурикамал рөлін сомдап жүргеніме жарты жыл болды. Барынша Нурикамалдің шынайы өмірдегі болмысын көрсетуге тырысамыз, – дейді Дариға Зарқын.
Қойылымда «Нурикамал» әнінің шығу тарихы көрсетіледі. Әннің сөзін жазған – Ханбибі Есенқарақызы, ән авторы – Тұрдықылыш Ізтаев. Олар – ерлі-зайыпты жандар. Ән Тұрдықылыш Ізтаевтың Нурикамал есімді қызға ғашық болуынан туған.
Ақын бір күні жарының пианино жанында отырғанын көреді. Ол кезде өнерпаз жарының Нурикамал есімді бойжеткенге ғашық болып қалғанын білген. Сол сәтте жарының атынан Нурикамалға өлең жазып, «Айтқың келгені осы ма еді?» деп, өлеңді күйеуіне берген екен. Сол сәттен бастап, қазақ еліне етене танымал әндердің бірі болып қалды.