Баянауылда туристік «Ертіс меридианы» слеті басталды
Дәстүрлі туризмдік іс-шара 32-ші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстандық Швейцария - Баянауыл өңірінде Жасыбай көлінде жыл сайын өткізілетін "Ертіс мериданы" атты туристік слет бастауын алды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген тоғыз туристік команда бас қосып, жиналды. Соңғы рет бұл спорттық шара 2019 жылы өткізілген болатын. Пандемиядан кейін дәстүрлі туристік слеттің өткізу сәті болмай, биыл қайтадан жаңғыртып жатыр. Биылғы слет Мәшһүр Жүсіптің Көпеевтің 165 жылдығына және «Ертіс меридианы» негізін қалаған, облыс деңгейінде есімі әйгілі фотосуретші Владимир Бугаевтың құрметіне арналды. Салтанатты ашылу рәсіміне төрешілер мен командаларды сапқа тұрғызды. Павлодар облысы спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
– Бұл жерде бәсекелестік рухты талап етеді, сондықтан да мықтылардың жеңіске жетуіне тілектеспін. Бірақ та, жеңіліп қалғандар олимпиадалық приницпке сәйкес жеңімпаз атанады. Барлықтарыңызға тек сәттілік, жеңіс тілеймін, – деді Нұрлан Есембаев.
Слет үш күнге созылады. Сексенге жуық қатысушыдан тұратын Павлодар қаласынан «Павлодар», Көкшетау қаласынан «ФИРН», Қарағанды қаласынан «Созвездие», Астана қаласынан «Астана-Жігер», Семей қаласынан «Орион», Алматы қаласынан «Юность», Шымкент қаласынан «Вектор», Тараз қаласынан «Сұңқар», Өскемен қаласынан «Достық» командалары бірнеше сайыстардан өтетін болады. Жарыстардың ішінде тауға өрмелеу, катамаран, байдаркамен есу, кросс-жорық сынды сайыс түрлері бар. Сондай-ақ, шығармашылық жағынан да қалыспай, ең үздік авторлық ән орындау және де фотосурет байқауларына қатысады.
Қазақстанның еңбек сіңірген туризм нұсқаушысы және «Ертіс меридианы» туристік слетінің бас төрешісі Людмила Шепелева 10 жылдан астам командаларды түрлі критерий бойынша бағалап, жеңімпаздарды анықтап келеді.
– «Ертіс меридианын» қайта жаңғырып, 32-ші рет өткізіліп жатқаны өте қуантады. Туристік слет келешекте әрі қарай жалғасын тауып, бұдан да көп командалар жинайтынына сенемін. Алдағы уақытта Ресейден басқа Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікістан елдерінен командаларды тартуға бар күшімізді салатын боламыз, – деді Людмила Шепелева.
Алғашқы күні туристік командалар үшін жартастар арасында сынақтар күтті. Таудағы құтқару жұмыстары екі сайыстан құралған еді. Біріншісінде тауға өрмелеген қатысушылар шартты түрде екі жарақаттанған адамды биіктіктен астына түсірді. Біреуінің сценарий бойынша "қолы сынса", екіншісі "ес-түссіз жатқан" кейіп танытқан болатын. Қатысушылар белгілі бір уақыттың ішінде зардап шеккендерді жіппен байлап, барлық ережелерге сәйкес астына ойдағыдай түсіру керек болды. Шын мәнінде сөзбен айту оңай болғанымен, іс жүзінде қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан да, кейбір командалар түрлі кедергілерге тап болды. Көкшетау қаласының ФИРН атты командасы дәл осындай жағдайға тірелді.
– Біздің ысырманың ағашы сынып қалды, сол себептен зардап шеккенді астына түсіре алмадық. Сондықтан да бұл сынақтан өтпей қалдық. Алайда не болса да бірінші орынға таласуды тоқтатпаймыз, – дейді топтың капитаны Солтан Қуат.
Екінші сынақта туристік команда қатысушылары көлбеу өткелден шартты түрде аяғы сынған топ мүшесін ысырмаға дұрыс жатқызып, астына жеткізу керек болатын. «Астана-Жігер» тобының капитаны Абзал Алдамжаровтың ойынша, елордалық команда барлық кедергілерден еш қиындықсыз өтті.
–Біз бүгінгі жарыстарда алғашқы қатысушылары болып, осы туристік слетті аштық деуге болады. «Ертіс Меридианына» бесінші рет келіп отырмыз. Тобымызда барлық дерлік қатысушылары спорт шеберін алған, сондықтан да туризмде тәжирібеміз жетерлік, – деп атап өтті Абзал Алдмажаров. – Екінші дистанцияны жеті минуттың ішінде өттік, бұл жақсы уақыт. Басты орынды аламыз деп күмәнмен толық айта аламын. Ол үшін командамды жігерлендіріп, шабыттандыруға тырысамын.
Абзал он жылдан бері туризм спортының шыңдарын бағындырып жүр. 2012 жылдан бері республикалық жарыстарда қатыса бастады. Ал 2016 жылы бапкер ретінде 10-11 жасар балаларды жаттықтырумен айналысады.
Үшінші сынақ судағы құтқару жұмыстары болды. Бас төреші Людмила Шепелеваның сөзінше, қатысушыларға арналған сынақтар өткен жылдармен салыстырғанда қиынырақ болды. Осыған дейін суда катамаран арқылы қақпадан жай ғана өту керек болатын, ал осы жолы жаңашылдық енгізлді.
– Команданың ішінде екі адам катамаранмен бір нүктеге дейін есу керек. Кейіннен олар суға түсіп, катамаранды аударып алу қажет. Яғни, батып бара жатқан кейіп жасайды. Қалған төрт команда мүшесі оларды құтқару үшін қақпадан тигізбей өтіп, зардап шеккендерге жетуі тиіс, – деді Людмила Шепелева.
Павлодар қаласының атынан қатысып отырған ең жас топ мүшесі Дания Бекмулина туризм спортымен алты жылдай шұғылданып келеді. Өзі 16 жаста және Ертіс меридианы туристік слетіне алғаш рет келіп отыр.
– Судағы жарыстарды өткердік. Өте қызықты болды, себебі мен зардап шеккен болдым. Мені қатысушалар судан құтқару керек болатын. Ең қиыны катамаранды аудару қиынға соқты. Екі кісі болсақ та, катамаранның салмағынан біраз ауыр болды, алайда бұл сынақтан да жақсы өттік деп ойлаймын, – деді топ мүшесі Дания Бекмулина.– Шынымды айтсам, туризм - өте қызықты спорт, яғни жалығып кететін сәттер мүлдем болмайды. Өте көп эмоция, керемет әсер алып отырасың.
Алдағы сайыс күндері команда мүшелерін бес сағаттық кросс-жорық күтіп отыр. Олар карта арқылы таулы аймақта бағдарлап жүгіру керек. Әрбір практикалық сынақтың жанында екі теоретикалық тапсырма болады.
Фото: Ольга Бугаева