Павлодарда пара алған түзеу мекемесінің қызметкері сотталды

Павлодарда пара алған түзеу мекемесінің қызметкері сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ойынға тәуелді қызметкер заңсыз ақша алып, оны букмекерлік кеңселерде жұмсағаны үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, қалада түзеу мекемесінің қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысы – пара алу фактісі бойынша сотталды. Тергеу барысында оның қызметтік өкілеттігін пайдаланып, заңсыз әрекеттерге барғаны анықталды.

Прокурорлардың дерегінше, ол сотталғандардың жазасының өтелмеген бөлігін жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы оң шешім шығару үшін, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп қағидаларына қайшы ұялы телефондарды өткізуді ұйымдастыру мақсатында ақша алған.

Заңсыз алынған қаражатты қызметкер букмекерлік кеңселерде бәс тігуге жұмсаған. Оның ойынға тәуелді болғаны да істі қарау барысында белгілі болды.

Мемлекеттік айыптауды қолдау нәтижесінде, 2026 жылғы 1 сәуірде сот үкімімен ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына тыйым салынып, әділет капитаны арнайы атағынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.