Павлодар облысының ауылы дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты

Павлодар облысының ауылы дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты
Фото: Константин Шелков

Жүргізіліп жатқан жұмыстар өңірдің экономикалық дамуына әсер етуде, деп хабарлады @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданының Ямышев ауылдық округі — өңірдің тірек ауылдарының бірі. Мыңнан астам тұрғыны бар округ үш елді мекеннен тұрады. Мұнда ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жергілікті инфрақұрылымды жаңарту бойынша бірқатар нақты шаралар қолға алынған.

– Шағын шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алуға, субсидия рәсімдеуге көмек көрсетілуде. Биыл екі грант пен екі жеңілдетілген несие алынды, – дейді Ямышев ауылының әкімі Бақытжамал Рахметова.

Сонымен қатар, ауылда жол және көше жөндеу жұмыстары да жүйелі атқарылып келеді. Ауданға қарасты барлық елді мекендерде кіреберіс жолдар жөнделді. Ауыл ішіндегі көшелерге тас жолдар салынып, көше бойындағы шамдар ауыстырылды.

– 2026 жылы екі ауылға осындай тас жолдар салуға сметалар дайын. Үш көшеге жарықтандыру жоспарлануда, – деп атап өтті ол.

Бүгінде округтегі барлық ауылдар ауызсумен  қамтылған. Тілектес ауылында биылғы жылы кіші блок станцияға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Әлеуметтік қолдау саласында да маңызды істер бар: аз қамтылған екі отбасы мен 26 көпбалалы отбасына тұрақты көмек көрсетілуде.

Биыл округ тұрғындары үшін ерекше жаңалық – жаңа тоқсан орындық мектептің ашылуы. Білім ордасы Тілектес ауылында бой көтерді. Білім ордасы 3D-принтерлер, жаңа интерактивті құрылғылармен қамтамасыз етілді.

– Бұл – ауыл балаларына сапалы білім алуға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Мектеп кабинеттері толық жабдықталды, қалған екі мектепке келесі жылы жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді әкім.

Сондай-ақ, жаңа медициналық пункт іске қосылып, заманауи жабдықталған кабинеттер тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Бұл жұмыстар өңірдің экономикалық дамуына және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.