Асайын Байханов Успен ауданының шаруаларымен кездесті
Жүздесу облыс әкімінің жұмыс сапары аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Асайын Байханов жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен көктемгі егіс жұмыстарының барысын, тұқыммен қамтамасыз ету, егін егу науқанын қаржыландыру, техниканы жаңарту және мал шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады.
Дихандардың айтуынша, шаруашылықтарда күнбағыс пен бидай егу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Егіс науқанын қаржыландыру «Кең дала» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. Фермерлердің айтуынша, қажетті қаражат пен ресурстар уақытында бөлініп, жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.
Кездесу барысында егіс құрылымын әртараптандыру мәселесі де қозғалды. Ауданда бидай мен күнбағыстан бөлек, зығыр мен қыша да өсіріледі. Ал соя дақылы климаттық жағдайға байланысты тиімді нәтиже бермейтіні айтылды.
– Соя бізде дұрыс өспейді. Ол жылусүйгіш, бұршақтары төмен орналасқан, жинау өте қиын, – деді дихандар.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Шаруашылықтар жаңа егіс агрегаттарын, соның ішінде күнбағысқа арналған арнайы сепкіштерді сатып алуда. Қатысушылардың айтуынша, техника мен қаржыландыру бойынша қазіргі таңда қиындық жоқ.
Фермерлер мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды мал басын сақтау мәселесін де көтерді. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасына бұл бағытта қолдау тетіктерін қарастыруды тапсырды.
Аграрлық мәселелерден бөлек, Асайын Байханов өңірдегі қайта өңдеу саласының дамуы туралы да айтты. Оның сөзінше, облыста үш май өңдеу зауытының жобасы жүзеге асырылуда.
– Үш зауыт, соның бірі келесі аптада іске қосылады. Екіншісі шілде айында іске қосылады, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар өңірде жылына бір миллион тоннаға дейін астықты терең өңдейтін ірі кешен салу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Жоба жоғары қосылған құны бар өнімдер, соның ішінде глютен және өзге де өнімдерді шығаруды көздейді.
Картопты терең өңдеу, фри мен чипсы өндіретін зауыт салу жобасы да қарастырылуда. Әкімнің айтуынша, инвесторлар халықаралық тәжірибені зерттеп жатыр.
Кездесу қорытындысында аталған бастамалардың барлығы өңірдің қайта өңдеу саласын дамытуға және жергілікті аграршылар үшін өткізу нарығын кеңейтуге бағытталғаны атап өтілді.