Павлодарда мемлекеттік тілде қызмет көрсетудің үздіктері анықталды

Олар кәсіби терминдерді қазақ тіліне аударудан сынға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Мақсат – халыққа қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің мемлекеттік тілде қызмет көрсету деңгейін көтеру және мамандарды ынталандыру.
Қазылар алқасының құрамында «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Еркеғали Жанғазы, Торайғыров университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Әйгерім Ташекова, облыстық «Halyq radiosy»-ның бас редакторы Бекболат Сауырбай болды.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқысы – командалардың атауы мен мақсатына сай сахналық көріністер арқылы өзін таныстыру болса, екінші кезеңде қатысушыларға күтпеген жағдайға қатысты тапсырмалар беріліп, олардың табандылығы мен шұғыл шешім қабылдау қабілеті сыналды. Үшінші кезеңде орыс тіліндегі терминдердің қазақша баламасын тауып, соларды пайдаланып жаңа мәтін құрастыру тапсырылды.
– Бұл байқау бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған. Басты мақсат – мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту және қызмет көрсету сапасын арттыру. Әсіресе мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсету – қызметкердің басты міндеті, – деді конкурстың ұйымдастырушысы Батырбек Қайыр.
Қазылар шешімі бойынша бірінші орынға Павлодар облысы бойынша филиалының ХҚКО атынан шыққан «Сұңқар» командасы ие болды. Ал Павлодар облыстық ақпараттық технологиялар орталығының «IT әлемі – қазақ тілінде» тобы екінші орын алды, үшінші орынға «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның намысын қорғаған «Жүзден жүйрік» командасы ие болды.
Сондай-ақ, Павлодар трамвай басқармасының «Көңілді трамвай» және «Қазпошта» командасы белсенді қатысқаны үшін арнайы номинацияларға ие болды.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Павлодар облыстық филиалының маманы, «Сұңқар» командасының мүшесі Досбек Байрон байқаудың маңызын атап өтті.
– Мемлекеттік тілде қызмет көрсетудің маңызы зор. Біздің бөлім мамандары қазақ тілін еркін меңгерген. Өзге ұлт өкілдері мен шетелдіктерге де қазақ тілінде жауап береді. Бұрын біз «Жалын» атауымен қатысқанбыз, биыл өз бөліміміздің атынан «Сұңқар» болып шықтық. Бұған дейін бірінші және екінші орын алдық, биыл да жеңімпаз атанып отырмыз, – деді ол.
Аймақтық байқау мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және халыққа қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталды.