Павлодарда «тексіз» иттер көрмеге қойылады

Павлодарда «тексіз» иттер көрмеге қойылады
фото: Константин Шелков

«Тұқымсыз – теңдессіз» көрмесі игі дәстүрге айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл бұл шара төртінші рет ұйымдастырылады.

Көрменің басты кейіпкерлері – көшеден құтқарылған немесе асырап алынған иттер. Қазір олардың әрқайсысы мейірімді адамдардың қамқорлығында, жылы үйде өмір сүріп жатыр.

Zanuar бастамашыл тобының өкілі Людмила Чернованың айтуынша, жыл сайын көрмеге шамамен 25 ит қатысады. Әрқайсысының үміт пен мейірімге толы оқиғасы бар.

– Тұқымды иттер – бұл арнайы құжаттары бар, сыртқы келбеті мен жұмыс қабілеті белгілі жануарлар. Мысалы, иіс сезуі жоғары такса немесе спаниель сияқты жануарлар болуы мүмкін. Мұндай иттердің тегі кемінде үш ұрпаққа дейін құжатпен расталады. Ал қалғандары – тұқымсыз саналады. Сыртқы келбеті хаскиге немесе неміс овчаркасына ұқсаса да, бұл санатқа жатпайды. Біздің мақсат – тұқымсыз жануарлардың да махаббат пен қамқорлыққа лайық екенін көрсету, – дейді Людмила Чернова.

Биылғы көрме 4 тамыз күні сағат 14:00-де қалалық саябақта ұйымдастырылады. Бұл күн кездейсоқ таңдалмаған. Дәл осы күні Халықаралық қаңғыбас жануарларды қорғау күні атап өтіледі. Қазір көрмеге қатысу үшін өтінімдер қабылданып жатыр.

Еске сала кетейік, Павлодарда шамамен 300 ит пен мысыққа арналған уақытша панажай жұмыс істейді. Мұнда жануарлар зарарсыздандырылып, қажетті ем-дом алады. Әр павлодарлық осы жануарлардың біріне үй сыйлап, асырап ала алады.

Өткен жылы 200-ден астам ит стерилизациядан өтті. Олардың 164-і табиғи ортаға қайтарылса, 50-і жаңа иесін тапты.