Ақтоғай ауданындағы үш ауыл ұялы байланыс аясынан тыс өмір сүруде
Ал он бір ауылда интернет әлсіз, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Қаршыға Арынов Басқамыс, Шұға, Шілікті және Барлыбай ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда 2024 жылдың қорытындысы шығарылып, 2025 жылға арналған жоспарлар ұсынылды. Тұрғындар өздерінің өміріне қатысты маңызды мәселелерді белсенді түрде талқылады.
Кездесуде өзекті мәселелердің бірі Басқамыс, Шұға, Шілікті және Барлыбай ауылдарында тұрақты мобильді байланыс қамтамасыз ету болды. Бұл мәселе әлі шешімін таппаған маңызды тақырып ретінде талқыланды.
– Ауданда жалпы 31 ауыл бар, оның ішінде 28 ауыл ұялы байланыспен қамтамасыз етілген, Қарасу, Балтасап, Қарабұзау ауылдарында ұялы байланыс жоқ, — дейді ауданның экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының орынбасары Самат Секенов.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы аудан бюджетінен Қарабұзау ауылында мұнара орнатылады. Ал Әуелбек ауылында Tele2 операторымен ұялы байланыс станциясын орнату жоспарлануда.
2023 жылы аудан бюджеті есебінен Балтасап, Басқамыс, Жамбыл ауылдарында ұялы байланысқа арналған мұнаралар салынды. Бірақ қазіргі уақытқа дейін ұялы байланыс операторлары байланыс құралдарын орнатпаған.
– Облыстық цифрлық технологиялар басқармасына жоспарлар жолдадық. Осы басқарма операторлармен пысықтап жатыр, — дейді ол.
Кейбір ауылдарда тұрғындардың саны 200-ге жетпеген соң мұнаралар салынбаған. Ал бір-біріне жақын орналасқан ауылдарға мұнара орнатылғанымен интернет дұрыс істемей тұр. Қазіргі уақытта оңалту жұмыстары жасалмаған.
Кездесуде талқыланған басты тақырыптардың бірі жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау болды, әсіресе аудандық маңызы бар жолдар – Ақкөл-Басқамыс және Шұға-Жолболды жолдарының жағдайы. Тұрғындар осы жолдарда жиі байқалатын қарлы борандардан қозғалыстың қиын екеніне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, Басқамыс-Шұға-Жолболды автожолын орташа жөндеу мәселесі көтерілді.
Шілікті ауылының тұрғындары көктемгі қар еріген кезде су басуды алдын алатын шұңқыр құрылысы жайлы сөз қозғады. Атап айтқанда, ауылдың кірме жолына қиыршық тас төсеу, спортзал мен медициналық пункт салу сияқты елеулі істер атап өтілді, бұл ауылдағы өмір сүру жағдайларын едәуір жақсартты.
Әкімдіктің мәліметінше, барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынды.