Екібастұзда «Динамоның» ғасырлық мерейтойында үздіктерге төсбелгі табысталды

Екібастұзда «Динамоның» ғасырлық мерейтойында үздіктерге төсбелгі табысталды
Фото: ұйымдастырушылардан

Шаһарда «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының құрылғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Атаулы күнге орай спорттың дамуына елеулі үлес қосып, ел намысын қорғауға еңбек сіңірген азаматтарға арнайы мерейтойлық төсбелгілер табысталды.

Марапатталғандардың қатарында қала әкімі Аян Бейсекин, ардагерлер кеңесінің төрайымы Бибігүл Исаева, сондай-ақ Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері Олжас Тілеубергенов, Ринат Махмұтов және Еркебұлан Егімбаев бар. Мерейтойлық төсбелгілерді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев табыс етті.

Іс-шара барысында полиция полковнигі, ішкі істер органдарының құрметті ардагері Болатбай Әбенов ақжарма тілегін білдіріп, қатысушыларға батасын берді. Өз сөзінде ол «Динамо» қоғамының ғасырлық тарихы тәртіп пен табандылықтың, спорттық жеңістер мен Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі екенін атап өтті.