Павлодарда түнгі серуен кәмелетке толмаған қыздың ауруханаға түсуімен аяқталды

Павлодарда түнгі серуен кәмелетке толмаған қыздың ауруханаға түсуімен аяқталды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Ол алкоголь ішімдігін ішіп, ес-түссіз жатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізуде.

Кезекті рейд барысында Павлодар қаласындағы бассейн маңындағы гараждар аумағында алкоголь ішімдігін ішкеннен кейін ес-түссіз жатқан кәмелетке толмаған қыз анықталды. Жасөспірім медициналық мекемеге жеткізілді.

– Қоғамдық орында масаң күйде жүргені, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қыздың заңды өкіліне қатысты әкімшілік материал рәсімделді, – деді облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 18 жасқа толмағандардың қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде болуы және ішімдік тұтынуына байланысты 90 құқық бұзушылық тіркелген.

Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүруіне байланысты 1809 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Тәртіп сақшылары ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың бос уақытын бақылап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілікпен қарауға шақырды.