Жігітпен танысуға келген: Павлодарда полиция капитаны қиын жағдайға тап болған аруға көмектесті
Астана қаласының тұрғыны Павлодар қаласы полиция басқармасы Оңтүстік бөлімінің қызметкеріне қиын сәтте қызына көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 қаңтарда түскі үзілісте ювеналды полицияның аға инспекторы Қайыргүл Ибраева аялдамада автобус күтіп тұрғанда көзіне жас алған қыз жақындап, қиын жағдайға тап болғанын айтқан. Полиция капитаны қызға бөлімге баруды ұсынған.
17 жастағы бойжеткен Павлодарға жас жігітпен кездесуге келген, бірақ онымен жанжалдасып қалған. Бұған қоса, телефоны өшіп қалған және бейтаныс қалада ешкімді танымайтын болып шықты. Әрі қарай не істерін білмеген қыздың есі шығып қалған.
– Қайыргүл Госманқызына маған қиын сәтте қолдау көрсетіп, қамқорлық көрсеткені үшін алғыс айтамын. Сол сәтте оны кездестіріп қалғаныма өте қуаныштымын, – деді астаналық тұрғын.
Полиция капитаны бойжеткенмен сөйлескеннен кейін қыздың заңды өкілдеріне қоңырау шалып, жағдайды түсіндірген. Жағдайды білген қыздың ата-анасы дереу Астанадан Павлодарға келген. Инспектор олармен профилактикалық әңгіме өткізді.
– Өз ісін жақсы меңгерген Оңтүстік бөлімі ювеналды полициясының аға инспекторына отбасымыздың атынан алғысымды білдіргім келеді. Мықты денсаулық пен жұмыста табыс тілейміз, – деп жазады Бауыржан Серсембайұлы Алғыс хатта.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қайыргүл Ибраева 11 қаңтарда күйеуі ұрып-соғып жатқан әйелді құтқарған болатын.
Фото: Константин Шелков