Павлодарлық оқушы қыз хош иістер жасайды
Иістер әлемін зерттеуге деген қызығушылығын ұстаздары қолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аманжол Шәмкенов атындағы мектеп-лицейдің бесінші сынып оқушысы Сұлтана Умиева тәжірибе жүзінде хош иістердің адамның көңіл-күйіне, эмоциясына және ішкі жағдайына қалай әсер ететінін зерттеп жүр.
Мұғалімдердің айтуынша, қызығушылық қарапайым әуестенуден басталды. Күнделікті өмірде иістердің әсерін түсінгісі келген Сұлтана табиғи материалдармен жұмыс істей бастады. Ол шөптер, дәмдеуіштер және кептірілген өсімдіктерді өзі таңдап, олардың қасиеттерін зерттейді. Сонымен қатар, үйлестіріп, авторлық композициялар жасайды.
Мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Әлия Исимованың айтуынша, жоба туралы алғаш рет жыл сайынғы «Ғылым әлемі» ғылыми-практикалық конференциясында белгілі болды.
– Сұлтана «Зерде» байқауына жетекшісі Жанар Жақсылықовамен бірге дайындалып, осы жобаны мектеп конференциясында таныстырды. Біз оның жұмысына үлкен қызығушылықпен қарадық, себебі хош иістерді жасау дәлдікті, ұқыптылықты және төзімділікті талап етеді. Бұл жауапкершілікті қалыптастырып, ғылыми ізденіске деген қызығушылықты оятады, – деді Әлия Исимова.
Жұмыс барысында оқушы мацерация және дистилляция әдістерін қолданады. Әр тәсілмен алынған нәтижелерді салыстыра отырып, ол әр иістің ерекшелігін талдайды. Бұл оның зерттеушілік дағдыларын, мұқияттылығын және шыдамдылығын дамытады.

Қазіргі таңда Сұлтана түрлі хош иіс үлгісін жасап үлгерді. Бұл үрдісті меңгеру мақсатында оқушы химия мен биология негіздерін меңгеріп, эфир майлары, өсімдік экстрактыларының құрылымы және араластыру қағидаларын және иістердің адамға әсерін үйренуде.
Султананың анасы Гүлмира Умиеваның айтуынша, хош иістерді жасау үшін әртүрлі табиғи материалдар қолданылады: қалампыр, емен қабығы, шалфей, жебір, түймедақ – бұларды дәріханадан кептірілген күйінде сатып алған. Ал базардан дәмдеуіштер қатарынан даршын, кардамон және бергамот алған.
– Мацерация үшін апельсин қолдандық, бірақ тек қабығын алу керек болды. Мен оны жемістен бөліп, кептірдім. Себебі мацерацияға міндетті түрде құрғақ шикізат қажет, әйтпесе көгеріп кетуі мүмкін. Сонымен қатар қылқан жапырақты – кәдімгі қарағай инелерін және раушан гүлінің күлтелерін қостық. Мен Степногорскіден жаңа раушандар сатып алдым, өйткені олардың хош иісі айқын әрі табиғи, – деді Гүлмира Умиева.

Оның айтуынша, жұмысқа дистиллятор қажет болған. Мектептегі химия пәнінен кем дегенде кейбір құралдарды сұраған, бірақ конденсацияға арналған тоңазытқыш жетіспеді.
– Біз оны ұзақ уақыт бойы әртүрлі мектептерден, тіпті институттан іздедік. Бұл қымбат әрі нәзік құрал болғандықтан, ешкім бергісі келмеді. Ақырында химиялық тәжірибелерге арналған жабдық шығаратын алматылық зауыттардың бірінен таптық. Сол жерден тапсырыс беріп, сатып алдық, – дейді Сұлтананың анасы.
Балалық шағынан бастап қызды гүлдер мен өсімдіктердің иістері қызықтыратын. Ол кез келген гүл мен шөпке тоқтап, қарап, иіскеп, олардың хош иістерінің айырмашылығына назар аударатын. Уақыт өте келе бұл қызығушылық өз иіссуын жасап көруге деген ниетке айналды.
– Оның білгісі келгені – хош иістер қалай жасалады, қарапайым шөптер мен дәмдеуіштерден жағымды иіс алуға бола ма, әртүрлі үйлесімде иіс қалай өзгереді. Бұл қызығушылық біртіндеп хош иістермен тәжірибе жасауға әуестікке айналды. Кейін тәжірибелер саналы зерттеуге ұласып, иістерге деген қызығушылық адамның бойына әсерін тереңірек түсінуге деген талпынысқа айналды, – деді Гүлмира Умиева.
Жас зерттеушінің алдағы жоспары – арома-саше мен амбра таяқшаларын жасау. Сонымен қатар, ол қаптама, дизайн және маркетинг негіздерін игеруді көздеп отыр. Бұл білімді косметологиядан бастап, жеке өнім шығаруға дейін қолдануға мүмкіндік береді.