Павлодарда Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алды
Облыс басшылығы, ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдар қызметкерлері саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалына гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ресми шара алдымен бір минуттық үнсіздікпен басталды. Ондаған тұрғындар ескерткішке гүл шоқтарын апарып, 1986 жылғы Желтоқсан құрбандарына тағзым етті. Әрбір гүл бостандық пен берілген азаттық үшін күрескендерге алғыс белгісі ретінде қойылды.
Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов зиялы қауым өкілдерімен бірге облыстық «Ertis» мұражайына барып, «Тәуелсіздік – мәнгілік елдің тұғыры» атты көрмені тамашалады.
Көрме бірнеше бөлімдерден тұрады: XVIII, XIX ғасырлардағы қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрес, Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі батырлардың рөлі, Кенесары ханның басшылығымен ұлт-азаттық соғысы (1837-1847 жж.), ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» партиясының қызметі, 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы, 70-ші жылдардағы «Жас Ұлан» қозғалысы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары, Тәуелсіз Қазақстан, мемлекеттік рәміздер мен кітап көрмесі.
Мұражайда 16 желтоқсандағы көтеріліске шыққан жас студенттердің және павлодарлық желтоқсаншылардың портреттері фотокөрмеде көрсетілді. Ал театрландырылған жанды көрмеде мұражай қызметкерлері 33 жыл бұрын әділетсіздікке шыдамай, алаңға шыққан ержүрек жас студенттердің кейіпін сомдап шықты.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, көрме келесі аптаның аяғына дейін ашық болады.