Павлодарлық ұстаз сүйек жонуды ұрпаққа үйретіп жүр

Павлодарлық ұстаз сүйек жонуды ұрпаққа үйретіп жүр
Фото: автор

Бұл өнер – қазіргі таңда сирек сақталған, көп еңбекті талап ететін сала, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласындағы Малайсары батыр атындағы мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Қайнарбек Махмет – ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген шебер әрі ұстаз. Ол өру өнерінен бастап, терімен, сүйек пен мүйізбен жұмыс істеуді балаларға үйретіп келеді. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінің бірі – садақ атудан жасөспірімдерді республикалық жарыстарға дайындайды.

– Ұлттық қолөнерді бала кезімнен жасаймын десем болады. Бірақ кәсіби тұрғыда балаларға үйрете бастағаныма он жылдан асып қалды. Алғаш еңбек жолымды Баянауыл ауданының Қаражар ауылындағы мектепте бастадым. Қазір Павлодарда «Ата мұра» үйірмесін жүргізіп жүрмін. Оқушыларды түрлі облыстық, республикалық көрмелер мен жарыстарға қатыстырамыз, – дейді ұстаз.

Шебердің алғашқы жасаған қолөнер бұйымдары – келі, келсап, тостаған сияқты тұрмыстық заттар. Кейін қамшы, жүген өріп, сүйек пен мүйізді өңдеуге ден қойған. Оның айтуынша, әсіресе сүйек жону өнері – қазіргі таңда сирек сақталған, көп еңбекті талап ететін сала.

– Сүйек жону өте қиын жұмыс. Бір сүйектің майын шығарып, ағарту үшін бірнеше күн қайнату қажет. Ал мүйізбен жұмыс істеу сәл жеңілірек, оны балқытып жұмсартып, тарақ, түйме, тұмар, ысқырғыш секілді бұйымдар жасауға болады. Бұрыннан бұл өнер біздің әулеттен келе жатыр. Аталарымыз музыкалық аспап жасаумен айналысқан. Ал немере ағамыз Шәкен Рақышев Павлодарда халық аспаптары оркестрін құрған, – дейді Қайнарбек Махмет.

Шебер ұлттық спортты да насихаттап жүр. Ол мектептегі үйірмесінде балаларды садақ атуға баулиды. Қазір бұл спорт түрі облыста жаңа дамып келе жатқанын айтады.

– Садақ ату дәстүрлі ұлттық спорт. Бізде әлі толық дамымағанымен, балалардың қызығушылығы артып келеді. Үйірмеге үшінші сыныптан бастап қабылдаймын. Әсіресе ауылдан келген балалардың ынтасы жақсы. Қазір он шақты оқушы тұрақты түрде қатысады, – дейді ұстаз.

Қайнарбек Махмет қолөнерге қажетті материалдардың көбін ауылдан алдырады. Соғымнан қалған сүйектерді өзі өңдеп, тазартып алады. Кейбір бұйымдарды жасау үшін зергерлер мен стоматологтардың арнайы құрал-саймандарын да қолданады.

Бүгінде ұстаздың еңбегін жергілікті ғана емес, алыс-жақын өңірлер де таниды. Оның айтуынша, сүйек пен мүйіз жону өнері – кенже қалған сала. Сондықтан оны қайта жандандырып, жас ұрпаққа үйрету – басты мақсаты.