Павлодар облысында көктемгі аң аулау маусымы басталды
Аңшыларға тек үйрек пен құрлардың аталықтарын аулау рұқсат етіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев мәлім етті.
– Павлодар облысында 38 аңшылық шаруашылық бар, оның тек 29-ында ғана аң аулауға рұқсат етілген, – дейді Руслан Төлепбаев. – Аң аулауға шыққан адамның өзімен бірге аңшылық куәлігі, қару-жарақ тасымалдауға арнайы рұқсаты, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, жануарлар дүниесін аулауға үшін тиісті рұқсаттамасы болуы керек. Маусымдық жолдама 13-15 мың теңгеден басталады.
Оның сөзінше, Ертіс орманы аумағында және Ертіс өзенінің жайылмасында аң аулауға тыйым салынады. Сондай-ақ, үйрек пен құрлардың аталықтарын аулау лимиттері белгіленді
– Егер бұрын күніне 5 үйректен аулауға рұқсат етілсе, қазір ондай шектеулер алынып тасталды. Аңшы 20 үйрекке рұқсат алса, онда ол сонша үйрек немесе құрды алуға құқылы, – дейді Руслан Төлепбаев. –Павлодар облысы бойынша үйректерге аулау шектеу саны – 86 мың.
Спикердің айтуынша, биыл аң аулау қағидаларына өзгерістер енгізілді.
– Енді 21 жасқа толған азаматтар аң аулауға атыс қаруын қолданумен шыға алады. Бұрын 18 жастан бастап рұқсат етілген еді. Ал аңшылық иттер мен аңшылық жыртқыш құстарды қолданумен жүргізілсе, 14 жасқа толғандар шыға алады, – дейді Руслан Төлепбаев.
Үйректер мен құрларды заңсыз ату үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Бірінші рет 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, қайта заңсыз аң ауласа, 15 АЕК. Ал егер заңсыз аңшылық ерекше қорғалатын аумақта жасалса, онда айыппұл көлемі 70 АЕК дейін болады.
Айта кету керек, аң аулау «Қызыл-Тау» мемлекеттік қорығы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, «Ертіс өзені жайылымы» мемлекеттік қорығы, аңшылық алқаптарының резервтік қоры және елді мекендер аумағында, сондай-ақ оларға іргелес аумақтарда аң аулау қағидаларына сәйкес аңшылық атыс қаруын қолдану қауіпсіздігін қамтамасыз етпейтін қашықтықта, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлерінде тыйым салынады.
Фото: ашық дереккөздерден