Павлодарлық жүргізушілерге жаңа алаяқтық түрі туралы ескертілді

Павлодар облысының полиция департаменті автокөлік иелеріне қатысты алаяқтықтың жаңа түрлерінің жиілеп кетуіне байланысты профилактикалық жұмыстарды күшейтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала жолдарында полицейлер әрбір тоқтаған жүргізушіге ақпараттық жадынама таратып, түсіндіру әңгімелерін жүргізді.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, соңғы уақытта алаяқтар автокөлік иелерін алдау үшін түрлі тәсілдерді қолдана бастаған. Мысалы, кей жүргізушілерге «сізге айыппұл салынды» деген жалған хабарламалар келеді.
– Мұндай алаяқтардың мақсаты – азаматтардың ақшасын немесе жеке деректерін иемдену. Буклеттерде жүргізушілерге қырағылық таныту, бейтаныс адамдарға құжаттарын бермеу, белгісіз шоттарға ақша аудармау және күмәнді жағдай туындаған кезде дереу полицияға хабарласу қажеттігі ескертілді, – деді Павлодар қалалық орталық полиция бөлімінің өкілдері.
Тәртіп сақшылары мұндай профилактикалық шаралар азаматтардың алаяқтардың тұзағына түспеуіне көмектесетініне сенімді.