Успен ауданында воркаут және ойын алаңдары ашылды
Енді аудан орталығында балалар таза ауада гимнастикамен шұғылдана алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл мамыр айының басында Успен ауылында мәдениет үйінің қасында балаларға арналған спорттық алаңдар салына бастады. Спорттық алаңдардың ашылу салтанатына аудан әкімі, жергілікті тұрғындар мен кішкентай балалар қатысты.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жобаның құны 43 миллион теңгеден асады. Балалар ойын кешеніне төбешіктер, әткеншектер, карусельдер, скейт алаңы, лабиринттері бар көп функциялы төбешіктер кіреді.
– Жаңа алаңда ойнап, секіріп, күліп жатқан кішкентай балаларды көру өте қуантады, – дейді ауыл тұрғыны Тілеулес Айтмақұшева. – Мұндай спорттық алаңдар ересек адамдарға да керек. Қайда тұрсаң да, спортпен шұғылдану өте маңызды.
Бүгінде ауданда 20 балалар ойын алаңы және алты воркаут алаңы бар. Ал бала саны 2200-ге жуық.