Павлодарлық әке: Әкенің рөлі ананың рөлінен ешқашан кем түспеуі тиіс

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұзақ жылдар бойы 66 жастағы Айнабай Кенжебаев құқық қорғау органында қызмет атқарған. Бүгінгі таңда зейнеткер «Ақсақалдар кеңесінің» мүшесі. Екі ұл тәрбиелеп, өсірген әке балаларын тәрбиелеудегі басты қағидаларымен бөлісті.
– Әке – отбасының асыраушысы, тірегі, материалдық жауапкершіліктің де, моральдік жауапкершіліктің де иесі, қамқоршысы. Оның мінезі, басқа адамдармен қарым-қатынасы, әдеттері, білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын адамы. Әкелер отбасында барлық жауапкершілік ер адамға жүктелетінін көрсетуі керек деп есептеймін. Әкенің рөлі ананың рөлінен ешқашан кем түспеуі тиіс, – дейді Айнабай Кенжебаев.
Оның пікірінше, кез келген қазақ отбасында тәрбие ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Яғни, бұл әрқашан ата-ана тәрбиесі ұстанатын дәстүрлерге сәйкес келетіндігімен байланысты болуы керек. Ол атасынан әкесіне, әкесінен ұлына беріледі. Яғни, отбасында сақталатын отбасылық, ұлттық дәстүрлер болашақ ұрпақтың тәрбиесіне әсер етеді.
– Сондай-ақ, отбасындағы әкенің рөлі, менің ойымша, балалардың отбасын құру кезінде де әсер етеді. Сол себепті балаға отбасының толыққанды екенін сезіндіріп өсірген жөн. Менің екі ұлым және екі немерем бар. Мен бес жасқа дейін еркелетіп, бес жастан бастап баламен тең дәрежеде сөйлесіп, оның да барлық құқығы бар екенін түсіндіріп, 9 жастан бастап ол өз іс-әрекетіне жауап бере алуы керек деген қағидамен тәрбиеледім, – дейді ол.
Ұлдары ер жеткен соң, әкесіне сол ұстаным, тәрбие, үлгі-өнеге үшін алғыс білдірген. Қызметіне байланысты қаталдығы да балаларының тұлға болып қалыптасуына оң әсерін тигізген.
Бұдан басқа, Айнабай Кенжебаевтың павлодарлық «Ақсақалдар кеңесінің» мүшесі болғанына үш айдан асқан. Кеңесте жастарға мамандық таңдау, патриотизмге тәрбиелеу сияқты кеңестер беріледі.
– Мамандық таңдау – маңызды қадам. Бұл ретте, кеңес мүшелерінің еңбек өтілі бар, біреу техникалық жағынан, ал біреу өндірістік жағынан білікті мамандар болған. Сондықтан келешек ұрпаққа берер ақылымыз бен кеңесіміз мол, – дейді Айнабай Кенжебаев.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс ҚХА жанында этномәдени бірлестіктер, «Аналар кеңесі», «Ақсақалдар кеңесі», «Ассамблея жастары» және жастар қанаты жұмыс істейді.