Павлодарлық IT-колледжі жаңа мәртебеге ие болды

Павлодарлық IT-колледжі жаңа мәртебеге ие болды
Фото: облыстық білім басқармасынан

Енді оқу орны Жоғары ақпараттық технологиялар колледжі деп аталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тиісті шешім Павлодар облысы әкімдігінің қаулысымен қабылданған.

Жоғары ақпараттық технологиялар колледжі қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын іске қосуды бастайды. Техникалық және кәсіптік білім алғаннан кейін түлектер сол оқу орнында білімін жалғастырып, қолданбалы бакалавр біліктілігін ала алады, ал кейін, қалауы бойынша, академиялық бакалавриат пен магистратура бағдарламаларына ауыса алады.

Жоғары колледж мәртебесіне ие болу – оқу орнының көпжылдық еңбегінің және жетістіктерінің мойындалуының заңды нәтижесі. Бүгінде Жоғары ақпараттық технологиялар колледжі Қазақстандағы үздік IT-колледж ғана емес, сонымен қатар, еліміздің техникалық білім беру саласындағы көшбасшы оқу орындарының бірі болып табылады. Колледж халықаралық институционалдық аккредиттеуден өткен, Павлодар облысындағы ең мықты WorldSkills құрамасына ие және ұлттық әрі халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаттарының нәтижелері бойынша еліміздің үздік колледждерінің қатарында.

Мұнда Жасанды интеллектті интеграциялау жөніндегі ғылыми-қолданбалы орталық жұмыс істейді. Оның қызметі барысында 50-ден астам жоба жүзеге асырылып, олардың көпшілігі бүгінде тәжірибеде сәтті қолданылуда. Олардың қатарында up-chat.com бизнесті автоматтандыруға арналған AI-платформасы, өңірдің жүздеген мектебіне енгізілген Uirme оқушылардың сабақтан тыс жұмыспен қамтылуын есепке алу жүйесі, интеллектуалды сабақ кестесін құру жүйесі, биометриялық қолжетімділікті бақылау жүйесі, депутаттың виртуалды ассистенті және студенттер мен оқытушылар әзірлеген басқа да цифрлық жобалар бар.

Білім беру бағдарламаларының тізіліміне қолданбалы бакалавриаттың үш бағдарламасы енгізілді: «Бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша қолданбалы бакалавр», «Ақпараттық қауіпсіздік бойынша қолданбалы бакалавр» және «Менеджмент бойынша қолданбалы бакалавр». Бұл бағдарламалар колледждің қолданыстағы мамандықтарының жалғасы болып табылады және қазіргі цифрлық экономикада сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған.

– Жаңа білім беру моделінің басты артықшылығы – студенттерге техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасын аяқтағаннан кейін оқу орнын ауыстырудың қажеті болмайды. Олар заманауи зертханаларға, IT-инфрақұрылымға, оқытушыларға және өндірістік тәжірибе ұйымдастырылған серіктес кәсіпорындарға қолжетімділігін сақтай отырып, өздеріне үйреншікті білім беру ортасында оқуын жалғастыра алады, – деді облыстық білім басқармасында. 

Қолданбалы бакалавр дипломын алғаннан кейін түлектер өздерінің әрі қарайғы даму жолын таңдай алады. Бірінші бағыт – IT-компанияларда, мемлекеттік мекемелерде және түрлі сала кәсіпорындарында кәсіби қызметін бастау. Екінші бағыт – жоғары оқу орнында білімін жалғастыру.

Қолданбалы бакалавриат бағдарламалары Инновациялық Еуразия университетімен келісілген. Соның нәтижесінде түлектер бұрын меңгерген пәндері мен академиялық кредиттерін қайта есептету арқылы академиялық бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуын жалғастыра алады. Алдын ала есеп бойынша академиялық бакалавр дәрежесін шамамен бір жарым жыл ішінде алуға болады, содан кейін қалаған жағдайда магистратурада білімін жалғастыру мүмкіндігі бар.

Павлодар облысы үшін бұл шешімнің стратегиялық маңызы зор. Өңірде жастарды басқа қалаларға жібермей-ақ, сұранысқа ие IT бағыттары бойынша жоғары деңгейдегі мамандарды даярлау мүмкіндігі пайда болады.