Павлодарлық № 33 мектеп «Баянауыл аңыздары» лагеріне тегін жолдама ұтып алды
«Үлкен үзіліс-2023» қалалық жобасы қаланың жалпы білім беретін мектептері арасында екінші жыл іске асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараны ұйымдастырушы – Павлодар қаласы білім бөлімінің «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы.
Қатысушылар оқу жылы ішінде қыркүйектен мамырға дейін 7 бағыт бойынша спорттық-сауықтыру турларында, «Театр өмір айнасы» театрлық қойылымдары, «Жайдарман LIFE» КВН, «Сынып танысы» презентациясы, «Ең күшті сынып жетекші» байқауы, «Біздің айналамыздағы мейірімділік» игі істер туралы есептерді қорғауда бақ сынасты, «Мектеп STARS» концерттік бағдарламасын ұсынды.
– Жобаға 5-9 сыныптарының 306 оқушысынан тұратын 26 сыныптың оқушылары қатысты. 7 турдың қорытындысы бойынша жүлделі орындарды 6 сынып иеленді. Гран-при мен ауыспалы кубокты № 33 ЖОМ 5-сынып оқушылары жеңіп алып, Павлодар қаласы білім бөлімінің дипломдарымен және Баянауылдағы «Баянауыл аңыздары» лагеріне тегін жолдамамен марапатталды, – дейді білім беру бөлімінде.
I орынды № 43 ЖОМ 8-сынып оқушылары, ІІ орынды Б.Момышұлы атындағы мектептің 6-сынып оқушылары, ІІІ орынды № 14 ЖОМ 8-сынып оқушылары, № 35 ЖОМ 5-сынып оқушылары және Қ. Мақпалеев атындағы мектептің 6-сынып оқушылары иеленді.
Жүлделі орындарға ие болған сыныптар Павлодар қаласы білім бөлімінің дипломдарымен және сыйлықтармен – принтер және басқа сыйлықтармен марапатталды. Сынып оқушылары «Павлодар дарыны» орталығының сертификаттарын алды.