Бизнес инвестициялары Павлодар облысында білім беру базасын қалай нығайтады?
Еуразиялық механикалық зауыт пен Торайғыров университетінің серіктестігі жемісін беруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Гранттық мақсатты қаржыландыру аясында «Машина жасау және стандарттау» кафедрасының бағдарламалау және модельдеу зертханасына 13 миллион теңге тұратын токарлық станок және шамамен 36 миллион теңге тұратын сандық бағдарламалық басқаруы бар өңдеу орталығы сатып алынды.
Студенттер алдымен жобаны компьютерде модельдейді, содан кейін орталық координаталар бойынша материалды өңдейді. Бұл үшін оқу материалы ретінде капролон қолданылады. Жаңа техника материалдық‑техникалық базаны едәуір нығайтып, студенттердің тәжірибелік дағдыларын арттырды және Павлодар өңіріндегі жұмыс берушілердің сұранысына жауап береді. Осылайша білім беру ортасы дәстүрлі жүйеден өзгеше, себебі сұраныс тікелей жұмыс берушілер тарапынан қалыптасады.

Еуразиялық механикалық зауыттың атқарушы директоры Сағыныш Нұрымбаевтың айтуынша, мамандар кәсіпорынның сұранысына сай даярланады.
– Бізде жалпы құны 21 миллион еуро болатын Еуропадан әкелінген 16 заманауи станок бар. Жабдық күрделі және онымен жұмыс істейтін қызметкерлерді қосымша оқытуды қажет етеді. Сонымен қатар, біз жаңа техниканы сатып алуды жоспарлап отырмыз, сондықтан жаңа кадрлар қажет, – деді Сағыныш Нұрқымбаев.

Осыған байланысты кәсіпорын басшылығы Торайғыров университетінің бес оқытушысын Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінде оқытуға сегіз миллион теңге бөлді. Онда педагогтар осындай техникамен жұмыс істеуді үйреніп, кейін студенттерді оқыта бастады.
– Қазір технологтарға сұраныс өте жоғары. Сандық бағдарламалық басқаруы бар станоктарының операторларын колледждер дайындайды, бірақ білікті технологты даярлау өте қымбат. Дәл технологтың жұмысына өңдеу жылдамдығы, кесу режимі және жалпы өндіріс тиімділігі байланысты. Біз студенттерді практикаға қабылдауға және дуалды оқыту форматын енгізуге дайынбыз, кейін оларды жұмысқа аламыз, – деп қосты Сағыныш Нұрқымбаев.

Еске сала кетейік, Торайғыров университетінің ғылыми‑зерттеу қызметімен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек танысты. Ол дуалды оқыту форматын қолдап, Костанайдағы бір университетті мысалға келтірді:
– Бұл жүйе бойынша университет Kia зауытымен бірлесіп 28 студентті дайындап шығарды, олардың 26‑сы кәсіпорында жұмысқа орналасты. Әрқайсысы зауыт стандарттарына сай оқытылды. Дуалды оқытуға көбірек көңіл бөлу қажет, – деді Саясат Нұрбек.
Қазіргі уақытта Торайғыров университетінде шамамен тоғыз мың студент білім алады. Олардың 886‑сы дуалды форматта оқып, теорияны университетте, ал практиканы серіктес кәсіпорындарда меңгеруде.