Павлодарлық оқушылар халықаралық математика олимпиадасында екі медаль жеңіп алды

Павлодарлық оқушылар халықаралық математика олимпиадасында екі медаль жеңіп алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әл-Хорезми атындағы халықаралық математика олимпиадасы Ташкентте өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өзбекстан астанасында өткен зияткерлік додаға Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Тәжікстаннан 100-ден астам оқушы қатысты.

Әл-Хорезми атындағы халықаралық олимпиада Орталық Азия жастарының зияткерлік әлеуетін дамытуға және нақты ғылымдарды дәріптеуге бағытталған. Байқау дарынды оқушылардың білім деңгейін, логикалық ойлауын және күрделі есептерді шығармашылық тұрғыдан шеше білу қабілетін сынайды.

Қазақстан құрамасы сапында павлодарлық «Жас дарын» мектеп-лицейінің екі оқушысы өнер көрсетті.

– «Жас дарын» мектеп-лицейінің оқушылары халықаралық олимпиадада 100 пайыз нәтиже көрсетіп, ел қоржынына екі медаль салды. Бексұлтан Жандельдинов алтын медаль жеңіп алса, Әлішер Ғаллам қола жүлдегер атанды, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Халықаралық деңгейдегі бұл жетістік павлодарлық оқушылардың математика пәнінен жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, өңірдің білім саласындағы жетістіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.