Павлодарлық музыканттар республикалық байқаудан олжалы оралды

Павлодарлық музыканттар республикалық байқаудан олжалы оралды
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

Байқау екі бағыт бойынша өтті: ішекті аспаптар және халық аспаптары, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, XII республикалық байқаудың жабылу салтанаты Алматы қаласының Оңдасын Абдуллаев атындағы үлкен концерт залында ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның жас орындаушылары – еліміздің дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыкалық орта мектептерінің оқушылары қатысты. 

– Байқаудың мақсаты  – мектеп оқушылары арасында талантты, перспективті орындаушыларды анықтау, олардың орындаушылық шеберлік деңгейлерін арттыру, оқушылардың өзін-өзі дамытуы мен жүзеге асыруы үшін жағдай жасау, сахна мәдениетін қалыптастыру, музыкалық өнердің үздік үлгілері бойынша байқауға қатысушылардың музыкалық талғамы мен стильдік қабілетін тәрбиелеу және дамыту, – дейді басқармада. 

Байқау қорытындысы нәтижесінде Павлодар музыкалық колледжінің қоржыны алты жүлделі орынмен толықты. Қобызшылар Айым Мэлс және Айзере Айкенова байқау дипломанттары  атанды. Оқытушы – А. Б. Қанаева. 

Екінші орынды баяншы Нөгербек Ернұр иеленді, оқытушысы – М.Әлімқұлова,  гитарист Ажбеков Қобыланды және Әділжан Нұрқаев домбыра аспабы бойынша екінші, үшінші орындарға ие болды. Жетекшілері – А.А. Исмаилова және Р.А.Сабекова. 

Ал К.Тютюнованың оқушысы Қымбат Арынова домра-прима бойынша Бас жүлдені жеңіп алды.