Павлодар облысында полиция қызметкері сотталды
Тәртіп сақшысы әкімшілік хаттамаларды бұрмалаған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, тексеру нәтижелері бойынша Тереңкөл ауданының полиция бөлімі қызметкерлерінің әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде бірқатар бұзушылықтар жібергені анықталды. Атап айтқанда, полиция қызметкерінің әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелерді бұрмалағаны белгілі болды.
– 2019 жылы 15 маусымда ауданның полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы ведомстволық көрсеткіштердің пайдасына қарай, азамат «Б» болмағанда және оған хабарламастан әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Кейіннен ҚР ӘҚБтК 505-бабының 1-бөлігі (елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін бұзу, елді мекендердің жасыл желектерін жою және зақымдау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Шын мәнін мұндай мән-жайлар болмаған, – деп жазылған хабарламада.
Қарсы жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша жәбірленуші өзінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы білмеген және бұл туралы тек прокуратура қызметкерлерінен ғана білгені анықталды. Бұл да сот-қолжазба сараптамасының қорытындысымен расталды.
Сондай-ақ 7 іс бойынша осыған ұқсас фактілер анықталды.
Аудан прокуратурасы бұл фактілерді ҚР ҚК 416-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеді. Одан әрі Павлодар облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеуді аяқтап, іс сотқа жолданды.
Аудандық соттың үкімімен учаскелік полиция инспекторына 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ құқық қорғау және мемлекеттік органдарда екі жыл мерзімге лауазым атқару құқығынан және «полиция капитаны» арнайы атағынан айырумен ҚР ҚК 416-бабының 2-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін барлық 8 эпизод бойынша кінәлі деп танылды.
Алайда «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының 2-бабы 1-тармағы 2-тармақшасы бойынша сотталған бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші эпизодтар бойынша негізгі жазадан босатылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.