Павлодарлық шенеуніктер мен полиция нашақорлыққа қарсы күресте бірігеді

Павлодарлық шенеуніктер мен полиция нашақорлыққа қарсы күресте бірігеді
Фото: Есенжол Исабек

Облыс орталығында «Ерке Ертістің жағасында нашақорлыққа жол жоқ!» есірткіге қарсы форумы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Естай атындағы мәдениет сарайында өткен іс-шара Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков бастамасымен қала прокуроры Асан Нұрбаев пен облыс орталығының полиция басқармасының бастығы Мәлік Оңғарбаевтың қолдауымен ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған бірлескен жобаларды әзірлеу және жүргізу мәселелері бойынша мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары, жұртшылық, студенттер мен жастар бірлестіктері және өзге де ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту.

Форум аясында нашақорлықпен және есірткі қылмыстарымен күрес және алдын алу саласындағы ұсынымдарды талқылау және әзірлеу өтті.

Кездесуде өзара іс-қимыл туралы көпжақты меморандумға қол қойылды.

– Нашақорлықпен күрес бүкіл қоғамды біріктіруді талап етеді. Қала әкімдігі барлық мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтастық туралы меморандум жобасын әзірледі. Онда мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың нашақорлыққа қарсы күрестегі негізгі бағыттары мен өзара ниеттері біріктірілді. «Есірткіге жоқ!» деген ұран әрбір азаматтың өмірлік ұстанымы болуы керек,– деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.

Форумға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, депутаттық корпус, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер бірлестіктері, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, орта оқу орындарының белсенді оқушылары, әскери қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, блогерлер және басқа да бейжай қарамайтын қала тұрғындары қатысты.