Көздерінде жалын бар: Асайын Байханов Розовка ауылындағы балалар үйіне барды

Көздерінде жалын бар: Асайын Байханов Розовка ауылындағы балалар үйіне барды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Балалар өңір басшысымен сырласып, өз армандарымен және жетістіктерімен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Балалармен әңгімелесіп, шынымды айтсам, көңілім марқайып, жүрегіме жылулық ұялап, бір дем алғандай болдым. Олардың әрбір жылы сөзге қуанып, шынайылығына тәнті болдым, – деп Асайын Байханов әлеуметтік желіде кездесу барысындағы әсерлерімен бөлісті.

Өңір басшысы өз Instagram-парақшасында ауылға бара жатып, өткен жылдарды еске алғанын жазды.

– Тоқсаныншы жылдары елдегі табыс деңгейінің төмендігінен және көптеген қиын өмірлік жағдайлардан ата-аналардың балаларынан бас тарту оқиғалары көбейген еді. Бүгінгі күні мемлекет қамқорлығындағы балалар санының азайып келе жатқаны – қуанышты жайт. Бұл қиын өмір жағдайына тап болған балалардың тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жандардың еңбегі, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, Асайын Байханов қиын жағдайда қалған балаларды қамқорлығына алған ата-аналарға ерекше алғысын білдіруде. Ол олардың балаларға жылулық пен қамқорлық көрсетіп, толыққанды отбасында өмір сүрудің үлкен бақытын сыйлап жатқанын ерекше бағалады.

Сапар барысында облыс әкімі тәрбиеленушілерге коньки, баскетбол және волейбол доптарын, шаңғы, «PlayStation 5» ойын приставкасын және басқа да сыйлықтарды тарту етті.

Кездесу соңында Асайын Байханов балалардың ел қатарына қосылып, Отанымыздың лайықты азаматтары болып өсетініне сенімін білдірді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Байханов Асаин (@asaiyn.baikhan)