Павлодарлық кәсіпорындар Астанадағы көрмеде 80-ге жуық келісімшарт жасасты
Аймақ кәсіпкерлері «Ulttyq ónim» халықаралық көрмесінде жаңа нарық көздері мен іскерлік байланыстар тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көрме Астанада өтіп, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өндірушілер қатысты. Олардың қатарында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы мемлекеттік қолдау алып отырған компаниялар да болды.
Павлодар облыстық «Даму» қорының бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджері Мадина Баденованың айтуынша, көрмеге Павлодар өңірінен түрлі бағыттағы 46 кәсіпорын қатысқан.
– Көрме өте нәтижелі өтті. Кәсіпкерлер жаңа келісімшарттар жасап, еліміздің әр өңіріндегі серіктестермен алдағы ынтымақтастық туралы уағдаласты. Сонымен қатар, біздің компаниялар өз өнімдерін де сатты, – деді Мадина Баденова.
Көрмеге қатысушылардың бірі – металл конструкциялары мен жүк көтергіш жабдықтар шығаратын «Tradicom» ЖШС. Көрме барысында компания өкілдері Екібастұзда жаңа өндіріс орындарын іске қосып жатқан кәсіпорын басшыларымен іскерлік байланыс орнатқан.
Бүгінде павлодарлық кәсіпорын көпірлі, қақпалы және консольді крандар шығарады. Сонымен қатар, жабдықтарды монтаждау, жаңғырту және сервистік қызмет көрсетумен айналысып, өнеркәсіптік жобаларды «кілтпен тапсыру» форматында жүзеге асырады.
Астанада өз өнімдерін ұсынған кәсіпорындардың қатарында «QAZPROMPV» ЖШС де бар. Компания генераторлар мен металл конструкцияларын өндіруге маманданған. Алайда бұл жолы көрмеде жаңа өнім – мобильді өрт сөндіру тіркемесіне ерекше назар аударылды.
Бұл құрылғыны тек өрт сөндіру және орман қызметтері ғана емес, ауыл шаруашылығында, өндіріс орындарында және жеке секторда да пайдалануға болады. Қазіргі уақытта кәсіпорын патент алу жұмыстарын жүргізіп жатыр және арнайы тіркемелерді сериялық өндіріске шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа өнім әлеуетті сатып алушылардың жоғары қызығушылығын тудырған.