Павлодарлық мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттері бағаланды
Шаһардың 8-9-сынып оқушылары әдетте еңбек сабақтарында үйретілмейтін дағдыларын көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Профориентациялық JuniorSkills конкурсы Павлодар қызмет көрсету колледжінде өтті. Бұл сайыс WorldSkills халықаралық қозғалысының «кіші лигасы» деп аталады. Айырмашылығы, тапсырмаларды студенттер емес, мектеп оқушылары орындайды. Павлодарда жас шеберлер шаштараз өнері және тігін ісі бойынша өз бақтарын сынады.
Колледждің оқу-өндірістік жұмыстары бойынша орынбасары Жұлдыз Мұқанова атап өткендей, іс-шараның мақсаты – қолөнерді танымал ету және оқушылардың кәсіби бағдарын дамыту.
– Әр жыл сайын тапсырмалар қиындап отырады. Мысалы, өткен жылы «Фэшн технологиялары» компетенциясында фартук пен төсек жабдықтарын тікті, – дейді Жұлдыз Мұқанова.
Колледж конкурстың тапсырмаларын алдын ала оқушылардың мүмкіндіктеріне қарай анықтайды. Дегенмен, биыл қатысушылар саны аз болды – тек өз шеберлігіне сенімділер ғана келді. «Фэшн технологиялары» компетенциясында тоғыз қатысушы дайындалған кескіндер бойынша жилеттер тікті. Шаштараз өнері бойынша қыздар колледждің жабдықтарын пайдаланып, модельдерде өз шеберліктерін көрсетті. Екі категорияда да тапсырманы орындауға оқушыларға екі жарым сағат уақыт берілді.
Шамкенов атындағы №16 мектеп-лицейдің оқушысы Зарина Алиева тігінмен айналысуы оның болашақ кәсібінің негізі болуы мүмкін екенін атап өтті.
– Мен тігін курстарына қатысамын. Болашақта дизайнер, модельер немесе киім архитекторына түсу жоспарым бар. Бұл маған қызық және бұл мамандықты престижді және болашақта өзекті деп санаймын. Киім тігіп өзіме, жақындарыма қуаныш сыйлауға болады, сондай-ақ тапсырыс алып ақша табуға да болады, – дейді Зарина.
Қыздардың жұмыстарын колледж оқытушылары құрамындағы қазылар алқасы бағалады. Сайыс аяқталған соң барлық қатысушылар педагогикалық аттестация сертификаттарын алды. Орын алғандарға демеуші тарапынан ақшалай сыйлықтар берілді.
Ал 9 сәуірде «Абилимпикс» конкурсына ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар қатысады. Қатысушылар ұлттық киіммен бірге тақия тігіп шығарады.