Павлодарда халықаралық ғылыми конференция өтті
«XXIV Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясына 1500-ге жуық мақала қабылданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақтың көрнекті ғалымы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, КСРО Ғылым Академиясының академигі Қаныш Сәтбаевқа арналған ғылыми конференция оның 125 жылдығына арналды.
Шараның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, ҚР ҰҒА президентінің міндетін атқарушы Серік Сейдуманов, ҚР ҒЖБМ ҒК, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының бас директоры Қабыл Жамбақин және Қаныш Сәтбаевтың немересі, профессор Әлима Жармағамбетова құттықтау сөз сөйледі.
Зиялы қауым өкілдері Сәтбаев оқулары тек ғылыми конференция емес, сондай-ақ, жаңа идеялар мен жаңалықтардың бастауы екенін атап өтті.
Байқауға 1488 мақала қабылданып, барлығы 35 секциялық отырыс болды.
Секциялық отырыстардың қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Ғылыми мақалалар жыл сайынғы жинаққа енеді.