Павлодарлық оқушылар Жәутіков олимпиадасынан жүлдемен оралды

Павлодарлық оқушылар Жәутіков олимпиадасынан жүлдемен оралды
Фото: НЗМ

Жәутіков олимпиадасы – математика, физика және информатика пәндерінен халықаралық деңгейде өтетін жарыс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Білім додасына әлемнің 15 елінен 700-ге жуық оқушы қатысты. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ХХІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасында жақсы нәтиже көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. 12-сынып оқушысы Жасын Егнай информатика пәнінен 2-орынға, 11-сынып оқушысы Арман Баймағамбет математика пәнінен 3-орынға ие болды.  

Мен үшін Халықаралық Жәутіков олимпиадасы ең жоғары жетістік болып саналады. Бұрын-соңды мұндай деңгейдегі олимпиадаларға қатысқан емеспін және бірінші рет жақсы орын алғаныма қуаныштымын. Мектептегі олимпиадаларға соңғы жыл қатысудамын.  Сондықтан алдағы уақытта өтетін республикалық олимпиадада алтын алып, информатиктер құрамасына енуге ниеттімін, – дейді 12-сынып оқушысы Жасын Егнай.  

Олимпиаданың мақсаты жас дарындарды анықтап, олардың ғылыми әлеуетін дамыту, оқушылардың логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық дағдыларын арттыру, ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, халықаралық деңгейде білім алмасуды қолдау болып табылады. 

Олимпиада 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Білім додасын ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және республикалық физика-математика мектебі ұйымдастырды.