Павлодарлық скрипкашы халықаралық байқаудың лауреаты атанды

Павлодарлық скрипкашы халықаралық байқаудың лауреаты атанды
Фото: @bilim_basqarmasy

Дильназ Жанкүшікованың қоржынында 40-тан астам марапат бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Астанада XX ғасырдың ұлы музыканты Давид Ойстрахты еске алуға арналған «ASTANA VIOLIN» халықаралық байқауының жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Талантты, дарынды шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды, скрипкашыларды қолдауға бағытталған іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырды.   

Байқауға Қазақстан, Англия, Австрия, Испания, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Ирландия, Польша, Вьетнам, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен 50-ден астам талантты скрипкашы қатысты.

Павлодар музыкалық колледжі-дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының ішекті аспаптар бөлімінің үшінші курс студенті Дильназ Жанкүшікова өз жас тобында Павлодар атынан қатысқан жалғыз қатысушы болды.  Скрипкашы  «Үміт» номинациясы бойынша байқаудың лауреаты атанды.

– Әрине, қатты қобалжыдым. Мен енді ғана өз өнерімді көрсетейін деп жатқанда жүргізушілердің үзіліс туралы хабарландыру жасаған сәті ерекше есімде қалды. Бірақ соған қарамастан мен өзімді қолға алып, бар өнерімді көрсеттім, – деді Дильназ Жанкүшікова.

Айта кетейік, бұл – Дильназдың алғашқы жеңісі емес. Соңғы екі айда Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауының лауреаты, тұңғыш Президент қоры стипендиясының лауреаты және III Халықаралық «Global Art Competishin» байқауының бас жүлде иегері атанған. Жас скрипкашының қоржынында барлығы 40-тан астам марапат бар. Колледж мұғалімдері Дильназдың он сегіз жасында алған марапаттар саны бойынша рекордшы екенін атап өтеді.