Сәтті кадрдың сыры: Павлодарда Қызыл кітапқа енген құстардың суреттері көрсетілді
Экспозицияға табиғат пен жануарлар әлемінің 50-ге жуық бірегей фотосуреті ұсынылған, деп хабарлайды @Pаvlodarnews.kz тілшісі.
Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Кәрімжан Жәкеновтің «Киелі Ертіс өңірі» атты дербес фотокөрмесі ашылды.
Кәрімжан Жәкенов – зейнеткер суретші. Негізгі мамандығы – металлург. 57 жасында Павлодар облысында құстарды суретке түсірумен айналыса бастаған.
– Мен тек аймақтың құстарын көрмеге ұсынатын едім. Алайда бұл жолы құстарды, жануарларды, көбелектерді, әдемі табиғатымызды ұсынуды жөн санадым. Туған жерге деген сүйіспеншілікті оятқым келеді, – дейді спикер.
Автордың жеке топтамасында 220-ға жуық жұмыс бар. Әуесқой орнитолог ағымдағы жылдың мамыр айында жойылып бара жатқан жезқұйрықты субүркітін суретке түсіріп алған. Аталмыш жыртқыш аң Қазақстанда ұя салмайды. Павлодар облысында мұндай бүркітті 50-60 жылдай ешкім суретке түсірмеген.
– Сәттің кадр түсірудің сыры – ертерек тұруда. Бензиннің толық багын толтырып, далаға, көлге, орманға барып, сәтті кадрларды түсіруге болады. Құпиясы – осы, – дейді ол.
Сондай-ақ, көрмеге Алматы облысында, Қырғызстанда, Германияда түсірген құстардың фотосуреті қойылған.
Кәрімжан Жәкенов Павлодар облысында құстардың 19 түрін суретке түсірген: дала бүркіті, ақиық, аққұйрық, ұзын құйрық, бірқазан, аққу, сұңқылдақ, сұңқар.
Айта кетейік, көрмені бір ай тамашалауға болады.