Павлодарда Ғалия Балтабайдың жаңа кітабының тұсауы кесілді

Павлодарда Ғалия Балтабайдың жаңа кітабының тұсауы кесілді
Фото: автор

Жинаққа өңірдің танымал тұлғалар туралы еңбектері енген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қазақстанның Құрметті журналисі Ғалия Балтабайдың «Тұлғалар - жауһар жандар» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа еңбек - «Тұлғалар - ғажап жандар» және «Тұлғалар - асыл жандар» кітаптарының жалғасы.

Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов, мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, журналистер мен студенттер қатысты. Кешті жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай жүргізді.

Кітапта өңірдің руханияты мен қоғам дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы очерктер топтастырылған. Автор еңбекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» қағидатына ерекше назар аударған.

- Айналамызда жақсы адамдар көп. Сол адамдарды көрсету керек деп ойладым. Бұл кітап - адал еңбегімен елге қызмет еткен жандар туралы, - деді Ғалия Балтабай.

Автор кітапта журналистика, мәдениет, әдебиет саласында еңбек еткен азаматтардың өмір жолын баяндайды. Басылымға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Иса Байзақов және өңірге еңбегі сіңген замандастар туралы материалдар енген.

Ғалия Балтабай кеңестік кезеңде ұлттық мәселелерді көтеріп, қазақ мектебі, театр және радио мәселелері бойынша күрескенін де айтты.

- Мен жай ғана сынаған жоқпын. Әр проблеманың шешу жолын іздедім. Павлодар облыстық радиосын сақтап қалу үшін көп еңбек еттік, - деді ол.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өлкетану және әдебиеттер бөлімінің қызметкері Салтанат Жанғазинованың айтуынша, кітапқа өңірдің танымал тұлғалары енген.

- Бұл жинақта журналистер, қоғам қайраткерлері, өңірге еңбегі сіңген азаматтар туралы кеңінен жазылған. Кітаптың тәрбиелік әрі рухани маңызы зор, - деді қызметкер.

Айта кетейік, «Тұлғалар - жауһар жандар» кітабы 200 данамен жарық көрді.