Павлодарда аңшылық қару асынған тұрғын жазаланды
Заң бұзушылық Ертіс жағалауына жүргізілген рейд барысында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Заңсыз аңшылық пен балық аулау фактілерінің алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шаралар барысында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Ертіс өзені жағасында азаматтық қаруды пайдалану қағидаларын бұзу дерегін анықтады. Осылайша, тәртіп сақшылары қарумен жұмыс істеу қағидаларын бұзу дерегі тоқтатты.
Тексеру барысында ер адамның өз атына тіркелген аңшылық қаруын оқталған және қапталмаған күйде алып жүргені белгілі болды. Бұл Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу болып табылады.
– Жануарлар дүниесін пайдалану және аң аулау қағидаларының талаптарын бұзғаны үшін құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материал толтырылып, процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, -деді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Полиция департаменті қару иелеріне оны сақтау, алып жүру және тасымалдау қағидаларын қатаң сақтау керектігін ескертеді.