Baby Skills чемпионаты: Павлодарлық бүлдіршіндер аспаздық шеберліктерін шыңдады

Baby Skills чемпионаты: Павлодарлық бүлдіршіндер аспаздық шеберліктерін шыңдады
Фото: Константин Шелков

5-7 жастағы қатысушылар тағам дайындап, ерекше тәжірибе жинады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Павлодар технологиялық колледжінде Baby Skills чемпионаты өтті. Шараның негізгі мақсаты – балаларға ерте жастан мамандық таңдауға бағыт беру және түрлі кәсіптермен ойын форматында таныстыру.

- Бүгін біздің қатысушыларымыз өздерін нағыз аспаз ретінде сезінуге тамаша мүмкіндік алды. Олар кондитерлер қолданатын құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, күнделікті тағамдарды өз қолдарымен әзірлейді. Бұл – тек ойын емес, болашаққа жасалған алғашқы қадам, – деді колледж басшысы Ринат Дүйсекенов

Чемпионат екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде балалар пицца дайындады. Оларға шұжық, қызанақ, ірімшік және майонез сияқты ингредиенттер ұсынылды. Қатысушылар өз қиялдарына ерік беріп, әрқайсысы пиццаны түрлі тәсілмен әзірледі. Колледж педагогтары балаларға бағыт-бағдар беріп, ингредиенттердің дұрыс мөлшерін сақтауға көмектесті.

Екінші кезеңде қатысушылар сүтті коктейль дайындады. Жұмыс аяқталған соң балалар өз қолдарымен жасаған тағамдарының дәмін татып, нәтижесін бірге бағалады.

Жалпы шара шамамен екі сағатқа созылды. Оның ішінде дайындау, ұсыну және бағалау кезеңдері қамтылды.

Айта кетейік, Baby Skills чемпианаты Қазақстанда 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ал Павлодарда соңғы бес жылда тұрақты түрде өткізілуде.

Биылғы чемпионаттың демеушісі – «Зимняя вишня» кафесі. Әлеуметтік серіктес ретінде кафе өкілдері қатысушыларға арнайы сыйлықтар әзірледі. Жарыс қорытындысы бойынша барлық балаларға сертификаттар мен грамоталар табысталды. Сондай-ақ шағын сыйлықтар берілді.

Аяужан Жетес