Павлодарға жүз жылдық тарихы бар ұршық әкелінді
Жіп иіруге арналған жеңіл аспап 20-ғасырдан бері пайдаланылып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «Нұр-Ана әлемі» аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Достық үйінде» өткен «Отбасы – тәрбие іргетасы» мерекесіне мектеп, гимназия оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Жастар қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрінің тарихына зер салып, ұмыт болған дәстүрлерді жаңғыртуды қолға алған.
Павлодар қаласындағы №41 орта мектебінің қызметкерлері үйілген жүнді жіңішке жіпке айналдыру бойынша шеберлік сабағын көрсетті. Қолөнершілер жүннің түрін және өнімге пайдалану, тазарту, дұрыс иіру жайлы түсіндірді.
Аталған білім ордасында ашылған ұршық үйірмесіндегі ең көне жәдігер – бір ғасырдан астам тарихы бар ұршық. Оны Май ауданындағы бір әулеттің үш ұрпағы пайдаланған.
– Осы шараға дайындалу үшін біз әлеуметтік желілер арқылы ұршық іздей бастадық. Ұршықтар Май, Ақтоғай, Железин, Ертіс, Шарбақты аудандарынан әкелінген. Әр ұршықтың өзіндік тарихы бар, – дейді Нұргүл Рахымғожина.
Айта кету керек, іс-шара барысында басқа да дәстүрлер дәріптелді. Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясының қызметкерлері мен оқушылары қамшы өру өнерін көрсетсе, сервис және тамақтану колледжінің студенттері мен оқытушылары амандасу дәстүрі жайлы айтып берді.