Павлодарлық футболшылар чемпионат көшбасшысына жақындай түсті

Премьер-лигаға жолдама үшін тартыс әбден қызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
14-турда «Ертіс» өз алаңында «Ақтөбе» жастарын қабылдады. Бұл ойында Еркебұлан Тұңғышбаев Павлодар командасы сапында дебют жасады. Шымкент футболының түлегі үшін ақ-көк формадағы алғашқы матч онша нәтижелі болмаса да, тәуір өтті.
Алдынғы сәтсіздіктерден кейін павлодарлықтардың қобалжығаны сезілді, бұған құрамның үнемі өзгеріп тұруы да ықпал етті. Бұл жолы алаң иелерінің қорғанысы соңғы матчпен салыстырғанда тағы өзгерістерге ұшырады: тек Владимир Воменко ғана өз орнын сақтап қалды. Бірте-бірте шеберлігі жоғары «Ертіс» ақтөбелік жас ойыншылардың қорғанысын бұза бастады.
Бірақ «Ақтөбе Ж» бірінші голды өз қақпасына «алып келді» деуге болады. Футбол сәнін ұстанған ақтөбеліктер қақпа алаңында айып добын жақын арадан ойынға қосуға шешім қабылдады: павлодарлықтардың қысымына ұшыраған қорғаушы допты «Ертіс» ойыншысына беріп қойды. Нәтижесінде допты алыс бұрышқа жай ғана домалатып жіберген Нұрғайни Бөрібаев есеп ашты – 1:0. Бес минуттан ойын тағдыры шешілді. Кезекті голды Тамерлан Ағыманов соқты. Екінші таймда қонақтарды Әділхан Добай 3:0 есеңгіретті.
«Ертіс» 30 ұпаймен екінші орынға қайта оралды. Чемпионат көшбасшысы «Каспий» өз алаңында күтпеген жерден ұпай жоғалтты, бұл павлодарлықтардың сәл де болса жақындауына мүмкіндік берді. Бір ұпайлары кем «Шахтер» мен «Алтай» «Ертісті» өкшелеп келеді.
Келесі турда павлодарлықтарды Алматыға қиын сапар күтіп тұр. «Ертіс» «Қайраттың» жастарымен ойнайды. Ойын 24 шілдеде өтеді.