Павлодар футболшылары жаңа маусымда жаңа доп тебеді

Павлодар футболшылары жаңа маусымда жаңа доп тебеді
Фото: Qazaqstan Football League

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жаңа брендінің таныстырылымы мен жаңа маусымының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Футбол саласындағы мамандар мен БАҚ өкілдеріне Лиганың жаңа атауы – QFL (Qazaqstan Football League), жаңартылған логотип және «Футболмен бірге» (футболмен бірге) ұраны таныстырылды. Ауқымды іс-шара елордамыздағы ҚР Президенттік орталығында ұйымдастырылды.

Заманауи көрнекілік пен лаконикалық үлгідегі логотипте Республикамыздың дәстүрлі рәміздеріміздің бөліктері бар. Мемлекеттік тудың түстері де қамтылған. Мысалы, тәуелсіз Қазақстанның басты символдарының бірі —бүркіт Q әрпімен бейнеленген. Осылайша жаңа логотип лиганың ауызбіршілігін білдіреді.

- Біздің лигамен бірлескен жұмысымыз футбол бизнес индустриясын құруға бағытталған, онда футбол —  демеушілер мен инвесторлар үшін қызығарлық актив, халық үшін әлеуметтік маңызы бар өнім және халықаралық деңгейде мемлекет үшін мақтаныш болуы керек. Бүгінгі таңда лига өзінің алдында тұрған міндеттерді орындауға және стратегияның барлық тармақтарын жүзеге асыруға қауқарлы. Бұл шынайы және қол жеткізуге болатын мақсаттар, - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов.

Сонымен қатар, тұсаукесер қонақтары жаңа QFL сайтының іске қосылуы мен әлеуметтік желідегі лиганың жаңартылған беттеріне куә болды. Іс-шарада жаңа маусымнан бастап, ойындардың эфирлік сапасы айтарлықтай жақсаратыны мәлімделді. Тікелей эфирлерді өндіру үшін кәсіби бейнекамералар саны ұлғайтылды, жаңа графикалық пакет енгізілді, арнайы медиа платформа әзірленуде және жақын арада жаңа Q-Football телеарнасы қосылады. Сондай-ақ, кеш соңында барлық қатысушыларға жаңа демеуші «Wildberries» компаниясымен бірлесіп әзірленген QFL ресми добы көрсетілді.

«Ақсу» жаңа маусымды 1 наурызда «Жетісу» командасына қарсы матчпен бастайды. Кездесу Талдықорғанда өтеді. 2 наурызда семейлік «Елімай» Павлодардағы футбол маусымының тұсауын кеседі. Ол Орталық стадионда «Атырауды» қабылдайды.

«Ақсу» QFL аясындағы Павлодардағы тұңғыш ойнын 5 наурызда өткізеді. Ол күні қаламызға «Ақтөбе» қонаққа келеді. 

Айта кетейік, стадиондарындағы жөндеу жұмыстарына байланысты «Елімай» мен астаналық «Жеңіс» бірнеше тур бойы қарсыластарын Павлодарда қабылдайды.