Семейде павлодарлық суретшілердің көрмесі ашылды
Қылқалам шеберлерінің жиырма екі туындысы ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бас кешенінде «Наурыз нақыштары» атты павлодарлық суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан облыстық музейлерінің ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру аясында суретші Нағымбек Нұрмұхаммедовтың 100 жылдығын және Павлодар облыстық көркемсурет музейінің 60 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылды.
Ұлттық сарын астасқан көрмеде жергілікті суретшілердің шығармалары көрініс табады. Олар өз туындыларында көктемгі мерекенің атмосферасын білдіріп, сондай-ақ ұлттық сарын мен туған жеріне деген сүйіспеншілігін жеткізуге тырысты.
– Мұражайда ұсынылған павлодарлық суретшілердің жұмыстары, әрине, барлық білгірлерге өнер әлеміне енуге және жағымды эмоциялар алуға мүмкіндік береді, – дейді көркемсурет музейінің басшысы Ақертіс Солтанбаев.
Оның айтуынша, аталмыш іс-шара өңірлерді интеграциялау мен ынтымақтастықты нығайтудың өңіраралық бағдарламасы аясында өтуде. Бұдан бөлек, Қазақстан қалаларының мәдени өзара іс-қимылының айғағы болды.
Сондай-ақ, салтанатты шарада Абай музейі директорының міндетін атқарушы Ұлан Сағадиев пен Нағымбек Нұрмұхамедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің басшысы Ақертіс Солтанбаев қос музей арасындағы ынтымақтастық пен шығармашылық байланысты нығайтуға арналған меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, «Наурыз нақыштары» көрмесі Семей қаласының тұрғындары мен қала қонақтары үшін бір ай бойы қызмет көрсететін болады.