Шарбақтылық дәрігер жоғары марапатқа ие болды
Марапатты Денсаулық сақтау министрі табыс етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан дәрігерлер марапатталды. Ақ желеңділерді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қабылдады.
Салтанатты жиында саланың 30 үздік медицина қызметкері сый-құрметке ие болды. Марапат алғандардың қатарында клиникалық медицина, ғылым, білім беру және қоғамдық денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген мамандар бар. Ведомство басшысы ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, мыңдаған адамды емдеп шыққан нәзік жандардың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, алғыс білдірді.
Марапат алғандардың қатарында шарбақтылық дәрігер де бар. Ол - Шарбақты аудандық аурухананың психиатр-нарколог дәрігері Айсұлу Ренова.
Айсұлу Марданқызына көп жылғы адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
- Менің медицина саласында қызмет етіп жүргеніме 40 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды 1986 жылы Шарбақты ауданында бастадым. 16 жыл осында балалар педиаторы болып еңбек еттім. Кейіннен Павлодардағы №1 қалалық ауруханада еңбек жолымды жалғастырдым. Алайда арнайы ұсыныспен Шарбақты аудандық ауруханаға қайта келдім. Себебі мұнда 20 жылдан бері психиатр-нарколог дәрігері болмаған. Мен арнайы оқудан өтіп, 24 жылдан бері осы салада қызмет етіп келемін, - дейді ол.
Айсұлу Ренова ұзақ жылғы еңбегінің бағаланғанына риза екенін жеткізді. Еңбек демалысына шықса да өз мамандығына деген сүйіспеншілігі оны әрі қарай да медицина саласында қалдыра бермек.