Тротуарға көлік қойған павлодарлықтар жауапкершілікке тартылды
Тәртіпке бағынбағандар түрлі сылтау айтып, жазадан құтылуды көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының полиция департаментінің мәлімдеуінше, көптеген жүргізушілер өзіне қолайлы жерге көлік қоюдан бас тартқысы келмейді. Олар тротуардың жаяу жүргіншілерге арналған көше бөлігі екенін көп жағдайда естен шығарып алады.
– Мәселен, қалалық полицияға теміржол вокзалы аумағында автокөліктің дұрыс қойылмағаны туралы хабарлама түсті. Жаяу жүргіншілерге арналған жолды көлігімен жауып қойған азық-түлік жеткізушісі: «Тауарды түсіріп аламын да, кетемін. Тез болады!» – деп ақталған. Ал тағы бір көлік жүргізушісі тротуарға көлігін қойып, «Дүкенге бір минутқа кіріп шығамын, болды», – деді. Өзінің және көлігінің жайлылығын бірінші орынға қоятын мұндай автокөлік иелері өзге тұрғындардың наразылығын туғызады, – делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары мұндай заң бұзушылықтарға көз жұма қарауға болмайтынын атап өтті. Себебі дұрыс қойылмаған автокөліктер жолдағы қозғалысқа кедергі келтіріп, авариялық жағдайлардың туындауына себеп болуы мүмкін.
Полицияға келіп түскен барлық хабарламалар бойынша патрульдік полиция қызметкерлері тиісті шаралар қабылдайды.
Айта кетелік, жыл басынан бері 2 949 жүргізуші автокөлікті тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.