Astana Media Week: Павлодарлық журналистер ЖИ дәуіріндегі өзекті мәселелерді талқылады
5–7 қараша күндері өткен форум отандық медиа саласы үшін жаңа бағыттар ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Елдегі басты коммуникациялық алаң сегізінші жыл қатарынан министрліктер басшыларын, халықаралық сарапшыларды, инфлюенсерлер мен саланың визионерлерін жинап отыр. Мұнда кәсіби байланыстар орнатылады, алдағы медиа-маусымға арналған идеялар ұсынылып, болашақ трендтерге бағыт сызылып келеді.
Биыл форум бағдарламасы «Ұлтқа қызмет ету – медианың миссиясы» деген ұранмен өтті. Қатысушылар цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың болашағын талқылады. Форум халықаралық серіктестер мен ұлттық медианы біріктірді.
Форумның алғашқы күні «Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың жаңа бағыттары: қоғам сенімі және даму» атты пленарлық сессиямен ашылды. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құттықтау хаты оқылды.
«Ақпарат басты ресурсқа айналған заманда біздің осындай басқосуларымыздың маңызы ерекше. Себебі дәл осындай алаңда ғана біз өзекті мәселелерді ашық талқылап, қорытынды жасап, соның негізінде бизнес пен мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты маңызды шешімдер қабылдай аламыз. Бүгінде Қазақстан кеңістік пен уақыт тоғысындағы ерекше кезеңді бастан өткеруде. Мемлекет, қоғам және медиа азаматтардың сұранысына сай, елдің алдағы дамуының заманауи бағыт-бағдарын айқындап келеді. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанды» құру ісінде осындай өзара бекем байланыс берік іргетасқа айналуға тиіс дегені де бекер емес», – деді Аида Балаева.

Аида Балаева Digital News Report зерттеуіне сілтеме жасап, Қазақстанда азаматтардың БАҚ-қа деген сенім деңгейі Орталық Азия елдеріне қарағанда әлдеқайда жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – медиасаланы реформалау бағытындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі.
Министр Қазақстан өңірде алғашқылардың бірі болып халықаралық стандарттарға, соның ішінде Digital Services Act қағидаттарына негізделген «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заңды қабылдағанын айтты.
«Масс-медиа туралы» жаңа заң редакциялардың құқықтық мәртебесін нығайтып, журналистерді қорғау құралдарын кеңейтті және ақпаратқа қол жеткізу тәртібін реттеді.
Аида Балаева атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда: қазіргі таңда ақпараттық кеңістіктегі қарқынды өзгерістерге жауап ретінде заңнамаға түзетулер пакеті әзірленіп жатыр.

Пленарлық сессияда сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Искаков, Euronews-тің Қазақстандағы бюро жетекшісі Боян Бркич, Франциядағы халықаралық тілші Денис Локтье, Өзбекстан Ұлттық медиа қауымдастығы бас директорының орынбасары Санжар Устабобоев, Түркия радиотелевизиялық корпорациясының (TRT) Қазақстандағы өкілдігінің директоры Мехмед Захид Чалышкан және «Жетінші арнаның» бас директоры Илхам Ибрагимов сөз сөйледі.
Жасанды интеллект дәуірінде және саланың трансформациясы жағдайында дәстүрлі БАҚ пен әлеуметтік медиа барған сайын бәсекелеске айналуда. Әлемде медиа-ресурстардың саны орасан болғанымен, халықтың 65%-дан астамы жаңалықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы алады.
Сессия модераторы Боян Бркич Euronews-тің Қазақстандағы жобалары туралы айтып берді. Оның айтуынша, ынтымақтастықтың бастамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жариялаудан басталған. Халықаралық арна осы шараға арналған жарнамалық контентті таратқан.
Ойындар негізінде түсірілген екі бейнеролик әлем көрермендерінің назарын аударып, ең жарқын жобалар қатарынан көрінді.
– Өткен жылдан бері біз 54 бағдарлама мен 30 сериал шығардық. «Заманауи көшпенді» жобасында Қазақстанның мәдениеті, тарихы мен туристік орындары туралы баяндаймыз. «Орталық Азияның дауыстары» сериалы қазақстандық кейіпкерлердің өмірлік оқиғалары, қызметі туралы сыр шертеді. Бұл материалдар біздің сайтта миллиондаған қаралым жинап, әлеуметтік желілерде кеңінен таралуда. Сондай-ақ, Қазақстанда қалай жұмыс істеуге, табыс табуға және инвестиция салуға болатыны туралы экономикалық бағдарламаларымыз бар. Біздің арна 160 елде көрсетіледі, – деді Боян Бркич.
Боян Бркич Катонқарағайдың көркем табиғаты туралы өзі түсірген бейнежазбаның Instagram-да жарияланғаннан кейін бірнеше күн ішінде 100 мың лайк жинағанын мысал ретінде келтірді.
Бүгінде Euronews әлеуметтік желілердің қарқынды дамуына байланысты трендтерге белсенді шығып келеді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов еліміздің медиасаласы цифрлық дәуірдің табалдырығында емес, оған сенімді түрде енгенін атап өтті. Ол өз сөзінде бірнеше маңызды бағытты айқындады.
– Бірінші – цифрлық технологиялық шындыққа бейімделу. Бұл тек мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына ғана емес, бүкіл медианарық қатысушыларына қатысты. Мен олардың болашақты көріп, жаңа цифрлық кезеңде сұранысқа ие болатын ұсыныстар мен өнімдер әзірлеп жатқанын білемін. Бұл жаңалықтарды мультимедиялық және интерактивті форматта ұсынуға көшу. Келесі бағыт цифрлық дәуірдің дамуы, оның ішінде жасанды интеллектті қолдану, жалған ақпарат, фейк пен манипуляция мәселелерін көтереді. Одан кейін – ЖИ-ді қолдану. Меніңше, телеарналар мен жаңалық ресурстары оны іздеу мен бейімдеу дағдыларында қолданып жатыр. Тағы бір маңызды мәселе – ЖИ белсенді енгізіліп жатса да, басты тұтынушымыз қоғам екенін ұмытпауымыз керек. Біз, журналистика саласының өкілдері, мемлекет секілді қоғам игілігі үшін жұмыс істейміз, – деді Қанат Ысқақов.
Ол медиатрансформацияның экономикалық жағын да қозғады. Оның айтуынша, цифрландыру жағдайында бизнес-процестерді қайта қарап, шығындарды ЖИ арқылы оңтайландыру қажет.
– Екінші блок – реттеуші. Министрлік не істеп жатыр? Бізде бірнеше құрал бар. Ең алдымен – заңнамалық реттеу. Қазір «Жасанды интеллект туралы» заң әзірленіп жатыр. Бұл мәселе мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында да қарастырылуда. Бұл механизмдер жетілдіріледі. Мүмкін, ЖИ қолдануды ынталандыратын болармыз, бірақ материалдардың тереңдігі мен мазмұндылығын арттыру қажеттілігін ескере отырып. Және өте мұқият түрде, технологиялар қоғамдық қауіпсіздікке зиян келтірмейтіндей болуы керек, – деді вице-министр.
Қанат Ысқақов жаңашылдықты енгізуден бас тарту бәсекеге қабілеттілікті жоғалтуға әкелуі мүмкін екенін де атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық медиасала заманауи стандарттарға сай болуы тиіс, сонда ғана жаһандық нарықтағы орнын сақтап қала алады. Министрлік барлық сын-қатерлерді түсініп, саланың даму жолын айқындап отыр.

Euronews халықаралық тілшісі Денис Локтье жаңа технологиялардың журналистердің өмірі мен жұмысына қалай әсер еткенін айтып берді.
– Мен редакцияға алғаш келгенде, жұмыстың бір бөлігін машинист әйелдер атқаратын. Себебі журналистер мәтін теруді білмейтін. Қазір бұны елестету қиын. Олар сұхбатты транскрипциялау, аудионы жазып алу жұмыстарымен айналысатын. Қазір мұны жасанды интеллект атқарады. Дәстүрлі стильде жұмыс істейтін әріптестерімде де осындай алаңдаушылық бар – хабарламалар, пікірлер, баспасөз релиздерін қайта жазу. ChatGPT мұны жылдамырақ орындайды, – деді Денис Локтье.
Ал сапа мәселесі – үлкен сұрақ. ЖИ модельдері жетіліп келеді, дәлірек бола түсуде, бірақ әлі де байқалмайтын қателіктер жібереді. Кейде бұл оның виртуалды «санасынан» алынған деректер.
Оның айтуынша, контентті жылдам өндіру артықшылығы көбіне қолмен тексеру қажеттілігімен тежеледі.
– Газеттер мен журналистер бұл қауіппен бұрыннан бетпе-бет келіп келеді. Photoshop ондаған жылдар бойы бар. Мұндай технологиялық мүмкіндік бұрыннан болған. Бірақ біз аудитория сенімін жоғалтқан жоқпыз. Себебі New York Times-та жарияланған фотоны фотожурналист түсірген. Газет фотошоппен өңделген суретті жарияламайды. Осы ұстанымды дәстүрлі БАҚ пен телеарналар да ұстанады. Бұл аудитория сенімін сақтау үшін маңызды, – деп толықтырды журналист.
Денис Локтье трамплиннен секіріп жатқан аюдың видеосына мыңдаған лайк қойған көрермендер кейін бұл оқиғаның шын мәнінде болмағанын түсінетінін айтты. Мұндай видео Banana немесе Sora секілді қосымшалар арқылы жасалған. Бұл әлеуметтік желілердің сенімділігі төмендеп бара жатқанын ойлануға себеп болуы мүмкін. Ал ChatGPT суы мен жарығы жоқ ауылдағы әжеге бармайды.
Ол жаңа технологиялық шындық жағдайында редакциялардың ішкі өзін-өзі реттеуінің маңыздылығын атап өтті. Журналист материал дайындау процесінің бір бөлігі болып қалуы тиіс, адамды бұл теңдеуден алып тастауға болмайды.

Форумның екінші күні «Кәсіби шеберлік және жаңа көкжиектер» тақырыбына арналды. Қатысушылар креативті экономиканы дамыту, сапалы ұлттық контентті қалыптастыру және медианың тұрақты даму факторы ретіндегі рөлін талқылады.
Қызықты сессиялардың бірі – «Стримингтік платформалар: нарық, контент, монетизация. Ойыншылар не күтеді?» панельдік талқылауы болды. Спикерлер нарық динамикасы, жергілікті контентті дамыту перспективалары және монетизация стратегиялары туралы пікір алмасты.
Күн ішінде жабық питчингтер, тақырыптық мастер-класстар және PR мен медиа саласындағы кәсіби қауымдастық сессиясы өтті.


Қатысушылар Euronews-тің Қазақстандағы бюросының «Цифрлық дәуірдегі теледидар трансформациясы», Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінің «Құжаттық кино: жаңа тәсілдер мен форматтар», сондай-ақ «ЖИ дәуірінде ақпарат көздерімен қалай жұмыс істеу керек?» атты практикалық сессияларына қатысты.
Оқыту бағдарламаларына отандық теледидардың продюсерлері, режиссёрлері, сценаристері мен операторлары, интернет-басылымдардың журналистері және медиасаланың басқа да өкілдері қатысты.
7 қарашада ұлттық «Үркер» сыйлығын табыстау рәсімі өтеді, сондай-ақ өзекті тақырыптар бойынша мастер-класстар жалғасады.