Ақтоғай ауданында оннан астам рұқсатсыз қоқыс алаңы жойылды

Абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 36,3 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл Ақтоғай ауданы бойынша елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарының жоспары бекітілген болатын.
Жоспарлы жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округтердің әкімдіктері елді мекен аумақтарын аудан ұйымдары мен кәсіпорындарына бекітіп берді.
Ағымдағы жылы абаттандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен жалпы 36,3 миллион теңге бөлінді: 5,5 миллион теңге елді мекендерді көгалдандыруға, 16,0 миллион теңге санитариялық тазалықты қамтамасыз етуге бағытталды. Науқан аясында атқарылған негізгі жұмыстарға 150 ұйым мен 2500 адам жұмылдырылды. Нәтижесінде 2200 тонна қоқыс шығарылып, 13 рұқсатсыз қоқыс алаңы жойылды. Ол үшін 50 техника мен көлік құралдары тартылды.
– 2100 түп ағаш пен бұта көшеттері отырғызылды, 2400 ағаш өңделіп, әктелді, 1500 шаршы метр алаңға гүлзарлар егілді, 10 ғимараттың сыртқы келбеті жөнделді, 24 ескерткіш пен обелисктің маңайы абаттандырылып, 3420 шаршы метр аумақ ретке келтірілді, – деді Ақтоғай ауданының экономиканың нақты секторы бөлімінің орынбасары Самат Секенов.
Елді мекендердің аулалары мен шеткі аймақтарында 33 565 шаршы метр жер тазартылды, 35 шағын және орта бизнес субъектілері өз нысандарының айналасындағы 12 922 шаршы метр аумақты тазалады. Сонымен қатар, көше қоршаулары, кіреберіс стеллалар мен аялдамалар жөнделіп, жол бойы тазалау жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта елді мекендерде санитарлық тазалық жұмыстары жалғасуда. Күзгі айларда да жұмыстар қолға алынады.
Ауданның нақты сектор бөлімі қыркүйек-қазан айларында өтетін күзгі абаттандыру және санитарлық тазалау айлығына арналған жоспар әзірлеуде. Сонымен қатар, бонус ретінде берілген қаржы есебінен Харьковка ауылындағы саябақ абаттандырылып, 14,6 миллион теңгеге жұмыстар атқарылды. Жоба мердігері ретінде «Ремонтник» ЖШС таңдалды.