ҰБТ-дан рекордтық 140 балл жинаған павлодарлық оқуын қайда жалғастырды

ҰБТ-дан рекордтық 140 балл жинаған павлодарлық оқуын қайда жалғастырды
Фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Ол Астанада жоғары білім алуға бел буды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы №7 мектептің түлегі, Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары 140 балл жинаған Альтаир Әсет елордадағы жоғары оқу орындарының бірінде білімін жалғастырып жатыр.

Бұл туралы рекордшы түлектің әкесі Әсет Бейсенбаев айтып берді. Оның сөзінше, ұлы Астанадағы Maqsut Narikbayev University (MNU) университетінің «Менеджмент» мамандығына оқуға түскен. Осылайша Альтаир ҰБТ-ны сәтті тапсырғаннан кейін айтқан арманын жүзеге асырды.

Maqsut Narikbayev University – Қазақстандағы белгілі жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі. Бұрын ҚазГЗУ атауымен танылған университет бүгінде құқық, экономика, бизнес және басқа да бағыттар бойынша мамандар даярлайды. Оқу орны халықаралық ынтымақтастықты дамытып, студенттерге қос диплом бағдарламаларын ұсынады.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 26 мамырда Альтаир Әсет алғашқы мүмкіндігінде ҰБТ-дан 140 балдың 140-ын жинаған болатын. Ол бейіндік пән ретінде математика мен географияны таңдады. «Үздік аттестат» иегері бұған дейін республикалық «Абай оқулары», «Алтын түлек» олимпиадасы және математика пәні бойынша олимпиадада да жоғары нәтижелерге қол жеткізген.

Альтаирдың жетістігі 2025/26 оқу жылындағы Павлодар облысы оқушыларының жарқын табыстарының бірі болды. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша өңір білім үлгерімі жағынан республикада бірінші орынға ие болды.

Ал 2026/27 оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталуға жақын. Оқушылардың күзгі демалысына небәрі бір апта қалды. Биыл мектеп оқушылары 26 қазан мен 1 қараша аралығында жеті күн демалады. Екінші тоқсан 2 қарашада басталады.